Жапониялық профессор Сакай ХИРОКИ Абай тілін қалай меңгергені туралы
Жақында қазақ тілін өз бетімен үйренген жапониялық профессор Сакай Хироки туралы естідім. Ойлап қалмаңыздар, ол кісі қазақ қызына үйленген жоқ және қазақтармен еш туыстығы жоқ. Бірақ, «неге?» және «не үшін?» деген заңды сұрақтарға профессор ағылшын немесе орыс тілінде емес, қазақша жауап беруді жөн көрді. «Біз Абай тілінде сөйлесеміз», деді Хироки-сан.
Қазақ тілі Шығыс пен Батысты, Еуропа мен Азияны біріктіріп отыр
- Сіз қандай іспен айналысасыз? Қандай пәннен сабақ бересіз?
- Мамандығым - түркі халықтарының батырлар жыры. Қазір Токиодағы WАКО университетінде профессор ретінде Орталық Азия тарихы және мәдениеті бойынша дәріс беремін.
- Қазақ тілін үйренуге не түрткі болды? Неге мұндай шешімге келдіңіз? Қашаннан бері қазақ тілін үйреніп жүрсіз?
- Қазақ тілі Еуразия аймағында көп халыққа ортақ тіл. Шығыс және Батысты, Еуропа және Азияны біріктіретін тіл. Мен қазақ тілін студент кезімде, осыдан 30 жыл бұрын үйрене бастадым.
- Қазақ тілін қалай меңгердіңіз?
- Ол уақытта Жапонияда қазақ тілін оқытатын институт не болмаса университет жоқ еді. Сондықтан мен тілді өз бетімше үйренуге мәжбүр болдым. Қазақстаннан оқулықтар, кітап сатып алып, қазақша біртіндеп үйрене бастадым. Кейін Қазақстанға келдім, қазақша сөйлеп үйрену үшін, мен тілді әлі де үйреніп жүрмін.
- Қазақ тілі арқылы өзіңіз үшін не жаңалық аштыңыз?
- Қазақ ауыз әдебиеті өте бай және терең екен. Қазақ тілінің байлығына қайран қалдым. Батырлар жырлары көңілімнен ерекше шықты.
Қазақ және жапон тілі өте ұқсас
- Өз қазақ тілін білмейтін қазақтар туралы не ойлайсыз? Оларға қандай көмек көрсетуге болады?
- Ана тілін білмеу өкінішті жағдай деп ойлаймын. Тек мектепте, университетте тағы басқа оқу орындарында ғана емес, кез-келген жерде ана тілін үйренем деген адамға қолдау көрсету керек деген ойдамын. Солай емес пе?
- Қазақ тілін үйренгенде қандай қиындықтар туындады? Қазақ тілі мен жапон тілінің айырмашылығы неде?
- Екі тілдің грамматикасы өте ұқсас, жақын, бірақ жапондықтар үшін қазақша сөйлеу өте қиын. Бірақ екі тіл өте ұқсас, олардың арасындағы ұқсастықты іздеп табу өте қызықты.
- Сіз қазақ тілінің латын қарпіне көшуге қалай қарайсыз? Бұл дұрыс шешім бе әлде кириллицада қала беру керек пе еді?
- Негізінде қазақ тілін латиницаға көшіруге қарсы емеспін. Алайда кириллицада жазылған керемет қазақша кітаптар өте көп. Кириллицадан латиницаға көшкенде келесі ұрпақ осы тамаша дүниелерге қол жеткізе алмай қалады. Бұл күрделі мәселе.
Менің ойымша, латын қарпіне көшкенде, қазір ұсынылған нұсқа бойынша емес: мәселен, ae (ә), oe (ө), ue (ү) дыбыстарын ä, ö, ü деп ауыстырған жөн секілді. Өйткені, бұл жазуға, түсінуге, дыбыстарды жеткізуге оңай.
- Қазақ тілін елде дамыту үшін қандай ұсыныстар айтатын едіңіз?
- Біріншіден, қазақшаны үйрету мектеп қабырғасында, отбасында басым болу керек. Екіншіден, қазақ тілі ерекшелігімен кеңінен таныстыру қажет.
Ауыз әдебиеті осы тұста үлкен септігін тигізеді деп ойлаймын.
Үшіншіден, шет елдерде қазақша үйренгісі келген адамдар санының көбейгені оң әсерін тигізеді.
Егер шетелде қазақ тілі жоғары бағаланып жатса, Қазақстанда да тілдің мәртебесі өсетіні сөзсіз.
Орысша нұсқасын мына жерден оқи аласыздар.