...Алматының барахолкаларында 2013 жылдың күзінде бірінен соң бірі өршелене жалғасқан өрт халық арасында осының бәрінің артында кім тұр екен дегендей әртүрлі өсек пен сыбысты көбейтіп жіберді.
...Алматының барахолкаларында 2013 жылдың күзінде бірінен соң бірі өршелене жалғасқан өрт халық арасында осының бәрінің артында кім тұр екен дегендей әртүрлі өсек пен сыбысты көбейтіп жіберді. Әсіресе, ТЖ бойынша қалалық департаментінің орын алған жағдайлардың кемінде біреуінің себебі - әдейі өрт қою болуы мүмкін деген мәлімдемесі отқа май құйғандай әсер берді. Нақты толыққанды ақпарат болмағандықтан, азаматтар өз болжамдарын жасай бастады. Біреулер бұның бәрі Алматы әкімі Ахметжан Есімовтың көпшілікке «барахолка» деген атпен танымал болып кеткен сауда орындарын «күш көрсетіп» таратуға бағыталған жымысқы әрекеті деп түсінді. Басқалар, керісінше, қала әкімі базарларда тәртіп орнатқысы келеді екен, оның бұл әрекеті базбіреулерге ұнамай қалыпты-мыс дегендей сыңай танытты.
Ал одан да үлкен базар дүрбелеңі Ахметжан Есімовтың Астанада ҚР Президені жанындағы орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте сөйлеген сөзінен кейін басталды. Ол қалың жұртқа жерді сауда орындарына жалға беруден қыруар пайданың негізгі үлесін алып жатқан базар иелерінің шын есімдерін атаймын деп қыр корсеткен болатын. Және де, олардың еліміздегі белгілі және ықпалы адамдар екенін қадап айтты. Турасын айтсақ, әкімнің созі мірдің оғындай болды: не сендер менің аяғыма тұсау салуды қоясыңдар, немесе мен сендердің есімдерінді елге жариялаймын...
Осыдан кейін көпшілікті бір ғана сауал мазалады: әкім деген атағы, танымал шенеунік деген мансабы бола тұра, оған сес көрсетуден тайынбайтын, әкімнің пәрмені жетпейтіндей бұлар сонда қандай мықтылар болды екен? Осы жағдайдың өзі мен-мұндалап жанжалға сұранып тұрған сияқты: еліміздің ең ірі қаласының әкімі, Қазақстан Президентіне жақын тұлғалардың бірі, оның жерлесі, аталас-рулас адамы - ең қызығы, біреулерге тісі батпай тұрғанын білдіріп, қыр көрсетіп, қорқытып қояды!
Осыған орай Ratel.kz сайты арнайы журналистік тергеу жүргізіп бақты. Содан іздеп тапқанымыз мынау.
Өткен күзде Солтүстік айналым көшесі бойымен созылып жатқан алматының бас барахолкасында нобайы үш өрт оқиғасы орын алған. Ең алғашкы және ең үлкен өрт 2013 жылдың 13 қыркүйегінде «Олжа», «Аян», және «Керемет»котерме базарларында орын алды. Үш күн бойы от тулады, абырой болғанда, адам өлімі болған жоқ, 300-дей сауда орындарын жалдаушылар қаржыларынан, мүлкінен қағылды. Тажалды ауыздықтау үшін өрт сөндіруші машиналардан басқа арнайы тікұшақтар да пайдаланылды. «Алатау» базарын өрт сөндірушілер лаулаған оттан аман сақтап қалды. Нітижесінде, өрт себептерін тергеу органдары жалға алушы бір азаматтың дәнекерлеу жұмыстарын жүргізу барысында қауіпсіздік ережелерін бұзғандықтан деп анықтады.
17 қарашада алматы барахолкасында екінші рет болған үлкен өрт кезінде үш базар - «Арал», «Құлагер» және жартылай «Евразия» жанып кетті. Өртті бір тәуліктей сөндірді, тағы да авиацияны қолдануға тура келді. Осы өрт оқиғасына кесімді жауап берілді – бұл әдейі, қасақана өрт қою болып табылады. Бір базардың ортақ иелері – екі ағайындылар арасында бұрыннан келе жатқан, тіпті кейде өзара күш көрсетіп, қақтығысуға дейін барған мүліктік дау бар екені және аталған жағдай баспасөз бетінде біршама баяндалғаны аңықталды.
26 қараша күні болған үшінші өрт көп шығын келтірген жоқ. «Алатау-2» базарындағы спорттық тауарлар сататын бутиктің екі шаршы метрі ғана жанып кетті, өртті қырық минутта сөндірді, шығын аз болды. Ең бастысы – базарларда өрттен зардап шеккендердің ешқайсысының ықпалы бар тұлғаларға ешқандай қатысы жоқ. Бұл мақалада зардап шеккендердің аты-жөнін тізіп шығуға болар еді, бірақ олар қазақстандықтарға белгілі емес. Қуырдақтың көкесі – сауда алаңдарына жерді жалға беріп отырған жер иелерінде.
Гәптің бәрі – сол жер иелерінің аты-жөндерінде. Дегенмен, таңқаларлық жағдай десе болады, олардың ныспылары кәдімгі ресми мемлекеттік құжаттарда тайға таңба басқандай көрсетілген. Алайда, ол құжаттар жұртшылыққа жарияланбайды және олармен танысу оңай шаруа емес.
Сонымен, ірілерден
Шағын кәсіпкерлік субъектісі «Қарасай БН» ЖШС-і, тіркеу номері 47645-1910, мекен-жайы: Алматы қаласы, Солтүстік айналым көшесі, 7. Құрылтайшысы –Назарбаев Болат Әбішұлы. Кызмет аясы– сауда –саттық. Жер телімінің ауданы – 23 мың шаршы метрден сәл көп, кадастрлық нөмірі – 20-314-038-009.
Орта кәсіпкерлік субъектісі «Арал-Кеген» ЖШС-і, тіркеу № 113423-1910, мекен-жайы: Солтүстік айналым, 36. Құрылтайшылардың біреуі – Назарбаева Әнипа Әбішқызы. Екінші құрылтайшы, тақырыпқа орай, бірнеше орта кәсіпкерлік субъектілердің иесі болып табылады (тіркеу номері бізде бар), ол да жоғарыдағы мекен-жайда орналасқан және оның да жер телімдері бар (кадастрлық номері бізде бар), алайда олар сауда-саттықпен емес, металлургиялық өндіріс және пайдалы қазбаларды өндіруге мамандандырылған. Сонымен қатар осындай тағы екі кәсіпкерлік субъектілері – «Аль-Фараби трейд» ЖШС-і, Солтүстік айналым, 7 мекен-жайы бойынша тіркелімде тұрған, тіркеу №65310-1910, және «Кенжехан» ЖШС-і, Солтүстік айналым, 36, мекен-жайы бойынша тіркелімде, тіркеу № 46034-1910, сәйкесінше біреуінің ортақтас иеленушісі, екіншісінің иесі жоғарыда аталған Әнипа Әбішқызы Назарбаева. Аталған ЖШС-тер сауда-делдалдық қызмет атқарады. Ол да түсінікті-ау, Алматының Солтүстік айналымында қандай жер асты қазба байлықтары болуы мүмкін? Металлургиямен де айналысатындай ештеңе жоқ.
Ал сауда алаңдарына келсек, әңгіме басқа: әрқайсысы 10-12 мың шаршы метр болатын жер телімдерінің асты да алтын, үсті де алтын десек қателеспеспіз.
Айтпақшы, Солтүстік айналымдағы жерлерді базарларға жалға беріп отырғандар тек президенттік фамилия өкілдерімен шектелмейді. Арасында басқа да бақытты жандар бар.
Мысалы, «Са-Бек» ЖШС-і (тіркеу №16097-1910) және «ТКМ» ЖШС-і (тіркеу №42756-1910) жалпы ауданы 70 мың шаршы метрден асатын екі жер теліміне ие. ( бұл жер телімдерінің кадастрлық номірлері Ratel.kz сайтында бар). Аталған екі серіктестің ортақ иелері – немерелес ағайын Талғат және Мұратбек Ермегияевтер.
Осы материалда аталып кеткен тұлғалардың кім екенін қазақстандықтар жақсы білетін болса, Ермегияев мырзалар жайлы білмейтін халайыққа азды-көпті мағлұмат берген жөн болар. Олар да белгілі қазақстандық фамилия иегерінің үрім-бұтақтары. Амангелді Ермегияев – «Алматықұрылыс» құрылыс холдингінің басшысы, «Отан» партиясының төрағасы (2002 ж.) жәнетөраға орынбасары (2004 ж.), біреуінің әкесі, біреуінің – көкесі. Мүмкін содан болар, Талғат Амангелдіұлы Ермегияевтің мемлекеттік қызметтегі мансабының жұлдызы оңынан болып жүрді. Алғашқыда ол туризм және спорт вице-министрі болды (2008 ж.), кейін сол ведомстваның министріне дейін жоғарлады (2011 ж.), агенттікке айналған министрлігін тағы да басқарды. 2013 жылдың қаңтар айынан бастап «Астана ЭКСПО -2017» Ұлттық компаниясы АҚ-ның басқарма төрағасы.
Тәптіштей берсек, Солтүстік айналымда орналасқан алматы базарларының иелерінің ішінде Мәсімов, Сапарбаев, Өзбекғалиев, Цхай... деген фамилиялар кездеседі. Белгілі кісілердің аты-жөнімен аттас келетін адамдар көп екен-ау.
Алматы әкімі Ахметжан Есімов есте қаларлық сол брифингтен алматы базарларының шын иелерінің қайсысына өзінің үшбу сәлемін жолдағанын құмалақ ашып білуге құмар емеспіз. Мүмкін, нақты біреуге қаһарын төкті ме екен. Әлде барлығына да қатысты сөз бе екен. Мүмкін, ел-жұртты аузына қарату үшін айтыла салған жай ғана жеңіл-желпі сөз бе екен. Оны біз біле алмаймыз. Біз үшін мәселенің қойылуы маңызды.
Базардағы саудагерлердің қарсылық көрсетуі азайды. Базарларда өрт шығудың себептерінің бірі ретінде діни экстремистердің әлеуметтік шиеліністі қоздыру мақсатында әдейі жасалған ісі деген ешқандай негізі жоқ алып-қашпа қаңқу сөздер таратылды.
Содан кейін жуық арада жойылатын қала базарларының саудагерлері мен қызметкерлері, сарапшылардың есептеуі бойынша олар 16 мыңдай адам, жұмыссыз қалмайды деп хабарланды. Олар Алматының шығыс жақтағы кіре берісінде асығыс салынып жатқан «Семиречье» сауда-логистикалық кешеніне орналастырылады деген уәде берілді.
Алғашқыда тілі ащылар ол кешеннің иесі Ахметжан Есімовтың күйеу баласы, 2013 жылы №14 санымен Forbes Kazakhstan журналы бойынша бай қазақстандықтардың тізіміне енген, 480 миллион АҚШ доллары болатын байлығы бар, бірнеше банктердің қожайыны Ғалымжан Есенов деп айтып жүрді. Сөйтсек,бұл жерде де біраз басы ашылмаған нәрселер бар екен. Ratel.kz сайты мәселенің басқа ұшының қайда апаратынын тапты. «Семиречье» сауда – логистикалық кешені Алматы қаласына берілген жер телімдерінде салынып жатқанымен,шартты түрде әлі де Алматы облысына қарайды. Ол жер телімдеріне Халық банкінің шектелімі қойылған. Осы уақытқа дейін Алматы облысының билігі бұл аумақта құрылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсат бермей келген болатын. Алайда, базарда контейнерлер орналастырылуда, кей жерлерде сауда жүріп жатыр,құрылыс фермалары мен тіреулер қойылуда. Солтүстік айналымда орналасқан алматы базарларындағы бірнеше өрттерден кейін мұндағы жер телімдерінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүре бастағаны кездейсоқ емес сияқты. Бұл жер телімдерінің иесі – «Статус Conctruction» ЖШС –і. Оның құрылтайшылары жайлы ақпаратты табу бізге өте қиын болды, дегенмен оладың да аты –жөні бізге мәлім болып шықты.
Бұл ЖШС-нің құрылтайшыларының тізімінде бірінші болып Forbes Kazakhstan журналының пікірі бойынша, қазақстанның елу ең бай адамдарының ішінде 2012 жылы 20-орынды, 2013 жылы 25- орынды иеленген Нұржан Бекшенов тұр. Оның байлығы 290 миллион АҚШ доллар көлемінде бағаланған. Ол «Позитив» инвестициялық тобының қожайыны. «Статус Conctruction» ЖШС- нің құрылтайшысы болып тұрған екінші тұлға – Нұржан Бекшеновтің қазіргі бизнес серіктесі, «Позитив» инвесттобының бас директоры, бұрынырақ Қазақстан ІІМ-нің бірінші вице-министрі, полиция генерал-лейтенанты Василий Симачев. Үшінші құрылтайшы – Михаил Каплинский, кеден органдарының жоғары лауазымды бұрынға офицері, кеден комитетінің төрағасы Ғани Қасымовтың кезінде шетел өкілдіктерінің жүктерін рәсімдейтін Алматыдағы «Атакент» кеденін басқарған. Төртінші құрылтайшы – Владимир Фисенко жайлы көп біле бермейміз: ол да құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкері.
Жаңа «Семиречье» сауда-логистикалық кешенінің бас директоры да белгілі адам – Алматы облысы жол полициясының бұрынғы бастығы, отставкідегі ІІМ – нің полковнигі Петр Немилостев.
Сонымен, Алматы төңірегіндегі сауда алаңдары үшін бірнеше ай бойы жүріп жатқан ұрыс-керістер билік айналасындағы қазақстандық элиталардың өзара талас-тартысының классикалық түрі деп есептеуге болады. Қарапайым сөзбен айтқанда, ықпал жүргізу кеңістігін өзара бөлісу. Еліміздегі жағдайды жақсы білетіндер үшін кімнің кім екенін, кімнің тасы өрге жылжитынын түсіну қиынға соқпас дейміз.
Нарықтық өзгерістер мен аталған талас-тартыстардан оңтүстік астана халқы мен республика жұртшылығын не күтіп тұрғанын айтпаса да түсінікті. Құлжа жағынан Алматыға кіретін шығыс көлік дәлізінің аздаған бос жерлері кезекті барахолкамен кептеледі. Кезінде батыстан Бішкек трассасы бойынша орналасқан базарлар жол қозғалысына кедергі келтірсе,одан ертерек – солтүстік бағытта да Талдықорған мен Өскеменге қарай кететін жолдар да сондай күйге түскен болатын.
Тағы да бір дәйек. Жаңа барахолка Алматы әуежайына қонуға келе жатқан ұшақтардың траекториясы – глиссада деп аталатын аумақ жерінде орналаспақ. Өткен жылы шамамен аталған жерлерде «Скат» әуе компаниясының CRI -200 ұшағы құлаған болатын. Өткен ғасырдың 80, 90 – жылдары осы аумақтан алыс емес жерлерде басқа да ұшақтар құлаған. Бір сөзбен айтқанда, мыңдаған сауда орындары бар, он мыңдаған адам келіп-кететін нөпір халық жиналатын базар аса қолайлы жер деп айтуға аузым бармайды. Дегенмен, ақшасы мен билігі бар күштілерді мұндай дерек-дәйектер қорқыта қоятын түрі жоқ. Есімов аттарыңды атаймын деп қорқытқан шығар. Не болды? Аспан төңкеріліп жерге түскен жоқ қой. Біз де Алматы әкімінің уәдесін күтпей-ақ ауыс-түйістің өзегінде жүргендердің аты-жөнің жариялап жібердік. Әлбетте, құлақтарына алтын сырға, елімізде ең маңызды шешім қабылдайтындарға қарата жазған сөзіміз ғой бұл. Әлде олардың да санасын ақша билеп алды ма екен?