Тұңғыш президенттің мәртебесі туралы заңға келетін болсақ, Конституциядан елбасына қатысты барлық нормалар алынып тасталғаны белгілі
ҚР Әділет министрі Қанат Мусин тұңғыш президент туралы заңның күшін жоятын құжат мәжіліске әлі түспегенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Тұңғыш президенттің мәртебесі туралы заңға келетін болсақ, Конституциядан елбасына қатысты барлық нормалар алынып тасталғаны белгілі. Бірақ мәселе мынада, тұңғыш президент туралы және тұңғыш президентке сілтеме жасайтын нормалар сіз айтып отырған заңда ғана емес, басқа заңдарда да бар. Оннан астам сондай заң бар. Сондықтан бұл жұмыс біраз уақытты қажет етеді, талдап, жалпылап, шешім қабылдау қажет. Уақыт өте келе ол орындалады. Жұмысты бейінді мемлекеттік органдар жүргізіп жатыр. Заң парламентке әлі берілген жоқ", - деді Қанат Мусин.
Сондай-ақ, ол аталған заң жобасы парламентке неге түспегенін түсіндірді.
"Заңнамаға өзгерістер енгізіп, тұңғыш президент туралы заң күшін жоюы үшін заңнаманы талдау қажет, заң жобасы заң жобалау жұмыстарының жоспарына енуі керек. Жоспар бойынша жұмыс қазір жүргізіліп жатыр. Мәжілісте мұндай заң жобасы әлі жоқ, ол мәжіліске жолданбаған. Конституцияға өзгерістер енгізілгендіктен, басқа заңдар, соның ішінде тұңғыш президент туралы заңдар да ата заңға сәйкестендірілуі керек", - деді Әділет министрі.