2022 жылдың сәуір айында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ "Зерде" холдингін реформалауды тапсырды
Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі "Зерде" холдингі таратылғаннан кейін мекеме шотында қанша қаражат қалғанын жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Зерде" холдингінің есеп шотында қалған 4,07 млрд теңге сомасындағы қаражат республикалық бюджеттің кірісіне 2023 жылғы 22 маусымдағы 234 төлем тапсырмасымен аударылғанын хабарлаймыз", – делінген редакцияның ресми сауалына ведомство берген жауапта.
Сондай-ақ Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, "Зерде" холдингін тарату Қазақстандағы мемлекеттік басқаруды цифрландыру мен цифрлық трансформациялауды одан әрі дамыту процесіне теріс әсер етпейді.
Оны жүзеге асыру "Ақпараттандыру туралы" ҚР Заңы шеңберінде уәкілетті органның басшылығымен әрі қарай жалғастырылатынын және цифрлық трансформация, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және 2023 - 2029 жылдарға арналған киберқауіпсіздік саласын дамыту тұжырымдамасын іске асыруға бағытталған.
Айта кетсек, 2022 жылдың сәуір айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ "Зерде" холдингін реформалауды тапсырды. Үкіметтің кеңейтілген отырысы кезінде президент елдегі цифрландыру қарқынын сынға алған еді. Өткен жылдың тамыз айында "Зерде" холдингін тарату туралы шешім қабылданды.
"Мен есеп комитетінің сынына ұшыраған "Зерде" ұлттық холдингінің жұмысын жақсартуды тапсырдым", – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Фото: "ҚазАқпарат" ХАА.