2022-2023 жылғы қысқы кезеңде өңір бойынша 101 рет жасанды жолмен қар көшкіні жүргізілген
Шығыс Қазақстан облысында биылғы қар көшкіні жүру қаупі бар кезеңде 13 рет қар көшкіні жүрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірде барлығы қар көшкіні жүру қаупі жоғары 497 учаске бар. Оның ішінде 325-і түрлі нысандар мен адам өміріне қауіп төндіреді. Әсіресе көшкін жүретін таулар маңында орналасқан автокөлік жолдары қауіпті.
"Биылғы қыста көшкін қаупі бар учаскелердегі қар жамылғысының биіктігі орта есеппен 53 см құрады. Қаңтар-наурыз айлары өткен жылмен салыстырғанда жылы болды. Қыс бойы 13 рет өздігінен қар көшкіні жүрді. Түскен қардың жалпы көлемі – 14 726 текше метр. Зардап шеккен адам немесе қираған ғимарат болған жоқ", - делінген ақпаратта.
Облыстың жазық жерлеріндегі қар жамылғысының орташа биіктігі 5-тен 175 см-ге дейін, тауларда 20-дан 230 см-ге дейін жетті.
2022-2023 жылғы қысқы кезеңде өңір бойынша 101 рет жасанды жолмен қар көшкіні жүргізілген. Түскен қардың жалпы көлемі 387 060 текше метрді құрады.
Фото: Dougberry/ Getty Images.