Шымкент қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет құрылыс-монтаждау жұмысына лицензия алудағы жүйелі кедергіні жойды
Шымкенттік кәсіпкерлер құрылыс-монтаждау жұмысына лицензия алу үшін бірдей құжаттарды 10 мәрте тапсыруға мәжбүр болған, деп хабарлайды Kazinform.
Шымкент қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет құрылыс-монтаждау жұмысына лицензия алудағы жүйелі кедергіні жойды.
Аталған қызметті жүзеге асыру талаптарының бірі - өндірістік базаның және инженерлік-техникалық қызметкердің болуы.
Екі жыл ішінде "eQurylys" жүйесінде қажетті мәліметтердің жоқтығына байланысты жергілікті атқарушы орган 260-қа жуық өтінішке лицензия беруден бас тартқан.
Тіпті кей жағдайларда өтініш берушілер лицензия алу үшін бірдей құжаттарды 10 рет тапсыруға мәжбүр болған.
"Аталған жүйе мәліметтерді енгізу және оларды түзету күнін көрсетпейді. Бас тартудың негізі бар-жоғын тексеру мүмкін емес. Қалалық Антикордың араласуынан кейін мұндай тәжірибе тоқтатылып, жергілікті атқарушы органның бұйрығымен осы негіз бойынша лицензия беруден бас тартуға тыйым салынды", - делінген Шымкент қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ұсынған ақпаратта.
Фото: licence.kz.