Құрылыс биыл күзде басталады
Семейдегі "Пищевик" стадионының орнына заманауи спорт кешені бой көтереді, деп хабарлайды 24KZ.
Бір мезетте 10 мың адамды қабылдайтын кешен Еуропалық футбол қауымдастықтары одағының үшінші біліктілік санатына сай болмақ. Кешен "Елімай" футбол клубының құрметіне салынады. Қазір жобалық-сметалық құжаттар рәсімделген. Жаңа стадионның құрылысы биыл қазан айында басталады деп жоспарланып отыр.
Жергілікті әкімдік өкілдері жаңа стадион салуды ұйғарды. Себебі 60-шы жылдары салынған спорт кешені ескірген. Заман талабына сай емес.
- Стадионның тозығы жеткен. Негізгі конструкциялар, инженерлік коммуникациялық желілер халықаралық стандарттарға сай келмейді. "Елімай" футбол клубының премьер-лигаға өткенін ескерсек, 2024 жылғы маусымға кіргенін ескерсек, футбол клубында жылытылатын 2 алаң болуы тиіс. Бізде оның біреуі де жоқ, - дейді "Елімай" футбол клубының техникалық директоры дейді Вадим СЕК.
Нысанның құны шамамен 12 млрд теңге болады. Құрылыс биыл күзде басталады.
- Бұл стадион ашық типті болады. Спорт кешені бір мезетте 10 мың көрерменді қабылдай алады. Ауданы 4,8 га, ал жалпы аумағы 5,8 га құрайды. Бұл жерде 4 қабатты әкімшілік ғимараты, жаңа заманауи стадион болады. Төрешілерге арналған трибуналар орнатылады. Сондай-ақ "Елімай" спорт клубының кеңсесі де осында орналасады, - дейді облыс әкімінің орынбасары Димитрий ГАРИКОВ.
"Елімай" командасы өткен жылы Қазақстан премьер-лигасына жолдама алған.
Фото: Абай облысының әкімдігі.
ТАҚЫРЫПҚА ОЙ ҚОСЫП, ПІКІРІҢІЗБЕН БӨЛІСУ ҮШІН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!