Ал норматив бойынша 25 жыл ғана қолданылуы тиіс
Петропавлда жарылған кәріздік коллектордың тозығы жеткен. Құбыр 1966 жылы пайдалануға беріліп, содан бері ауыстырылмаған, деп хабарлайды Kazinform.
Петропавлда жарылған кәріз коллекторының пайдалануға берілгеніне 57 жыл болған. Ал норматив бойынша 25 жыл ғана қолданылуы тиіс.
- 2019 жылдан бері бұл учаскені жөндеу бойынша құжат беріп келеміз. Қазір жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеуге қаржы бөлінді. Осы уақытта апат орнын зерттеп және жұмыс көлемін, қандай материал керек – анықтап жатырмыз. Осыдан кейін қалыпқа келтіруге кірісеміз. Бұл коллектормен 1990 жылдан бастап жұмыс істеп келеміз. Содан бері бірнеше рет жөнделді. Жалпы коллекторға 200-ге жуық үй қосылған. Кеше негізінен жертөлелерді су басу бойынша шағымдар болды. Бірақ мұның кешегі апатқа қатысы жоқ. Көпқабатты үйлердің жертөлелеріндегі ішкі кәріз құбырларының герметикасы нашар. Онымен сол үйлерге жауапты ПИК немесе мүлік иелері бірлестігі айналысуы керек, – дейді "Қызылжар су" ЖШС кешен бастығы Вячеслав ВИЗЕРОВ.
Маманның айтуынша, қазіргі уақытта мердігерлер Петропавлдағы Жуков көшесіндегі коллекторды ауыстыруға іске кірісті, 3 км жаңғыртылады. Одан кейін Абай көшесіндегі нысан жөнге келтіріледі.
Естеріңізге салайық, кеше Петропавлдағы Абай және Әуезов көшелерінің қиылысында кәріз коллекторы жарылды. Салдарынан Абай көшесін су басты, аққан су жақын маңдағы көпқабатты үйлердің жертөлелеріне де кірді.
Фото: ЖШС баспасөз қызметінен