Қазіргі уақытта ол Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды
ҚР Бас прокуратурасы кәсіпкерлерді алдап, олардың 30 мың долларын жымқырмақ болған алаяқтар тобының мүшесін Швециядан елге экстрадициялады, деп хабарлайды Kazinform ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, 2019 жылдың тамыз айында Алматыда өздерін Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлеріміз деп таныстырған бір топ адам кәсіпкер ісіне тексеру жүргізіп, қылмыстық жауапқа тартамыз деген желеумен 30 мың АҚШ доллары көлеміндегі қаражатты жымқырмақ болған.
Олардың әрекеттерінің жолын кесу кезінде, біреуі қылмыстық қудалау органдарынан жасырынып үлгерген, сондықтан ол халықаралық іздеуге жарияланды.
Кейіннен Қазақстан тарапының өтініші бойынша оны Швеция Корольдігінің құқық қорғау органдары Стокгольм қаласында ұстады.
ҚР Бас прокуратурасы мен ІІМ Интерпол қызметкерлері, Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен күдікті Қазақстанға жеткізілді.
Қазіргі уақытта ол Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды.
"Аталған қылмысты жасағаны үшін осыған тектес қылмыс жасағандар мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін", - делінген ҚР Бас прокуратураның баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Фото: ҚР Бас прокуратураның баспасөз қызметі.