
Мәртебелі поэзия қолжаулыққа айналып барады
Радиодан күнделікті шырқалатын әннің сөзі құлақты сарсытты. Ендігісі қалай? Сөз түзелмесе, тыңдаушы қайтпек? Иә, кейінгі кездері жеңіл музыканың ырғағына қосылып шырқалған сөздері ала-құла ән көп. Ұялмаған әртіс боладының кебі. Мұның бір себебі, ақынға емес, жасанды жүйеге өлең жаздыратындар көбейген. Бұлай кете берсе болашақта ақындар керек болмай қала ма деген ой да туындайды, деп хабарлайды 24.kz.
Жасанды интеллект әңгіме, романды қойып, өлең жазуға кірісті. Тіпті қай ақынның стилі қандай, оны да біледі. Бәрін өлшеп, пішіп, әп-сәтте дайындап береді. Мамандардың айтуынша, лирикалық дәлдік 30 пайыздан 80 пайызға дейін жетеді.
- Бұл жерде ешқандай бағдарламалаудың керегі жоқ. Код жазудың қажеті жоқ. Барлығы бізге ыңғайлы қылып жасалып қойған. Тек мәтінді қою, өлеңді шығару деген сияқты нүктелерді басу арқылы бірден өлең шығаруға болады. Қазіргі таңда әртістердің өзі осы программаларды қолданып, өлеңдерді шығарады, - дейді жасанды интеллект маманы Дәулет ТӨРЕХАНОВ.
Иә, жасанды интеллекттің поэзияны меңгеруі – техникалық жетістік. Виртуалды жүйе өлеңнің ұйқасын келтіреді. Буынын жүйелейді. Керек десеңіз, сөз ғана емес, ән де жазып береді. Бұл әрине, адамның қолын ұзартады. Ақшасын да үнемдейді. Бірақ сазгер мен ақындай ойланып, сезімге берілмейді. Ал сезімсіз жақсы ән тууы мүмкін бе?
- Әрине, өлең құрайды екен. Оны көріп жүрміз. Бірақ бәрібір оның үстінен адамның редакциясы керек. Ол сезіммен шыққан. Адамның жүрегінің түбінен қайнап шыққан өлең. Бәрібір ол шынайы өлең. Жасанды интеллекттің ішіне қандай программа енгізеді, қандай ақпарат енгізеді, сол бойынша жасайды былай. Ұйқас деген нәрсе, ол мың ұйқас енгізсек, 5 мың ұйқас енгізсек, 100 мың ұйқас енгізіп қойсаң – ұйқас боп шығарылады, әрине. Бірақ өлең деген мәселе тек ұйқас емес қой, - дейді айтыскер ақын Серікзат ДҮЙСЕНҒАЗЫ.
Жасанды жүйені кез келген адам қолдана алады, әрине. Бірақ ол әлгі ән мен мәтінді әркімнен бір алып жырымдап құрастыра ма, әлде виртуалды сананың өз жетістігі ме, тағы белгісіз. Әзірге жасанды интелектіні қолдануға қатысты арнайы заң жоқ. Бұл көмекші құрал саналады. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі осы сала бойынша енді ғана цифрлық кодекс әзірлеп жатыр. Бізде әзірге бары тек авторлық құқық туралы заң ғана.
- Негізі біздің заңнама бойынша, авторлық құқық бұзғаны үшін, азаматтық және қылмыстық жауапкершілік көзделген. Азаматтық жауапкершілік тек қана сот шешімімен айыппұл тағайындалады. Қылмыстық іс бойынша, егер бірінші рет авторлық құқық бұзылса, онда 80 АЕК дейін мөлшерде тағайындалады. Егер ол бірнеше рет қайталанса, онда 160 АЕК-ке дейін айыппұл тағайындалады, - дейді ҚР ӘМ Зияткерлік меншік құқық комитеті Авторлық құқық және сабақтас құқықтары басқармасының басшысы Ілияс СЕРІКҰЛЫ.
Жасанды интеллект әзірге адам жанын тербейтіндей шығарма жазған жоқ. Қарадүрсін дүниелер. Бірақ технология жетіле түсетіндіктен алдағы уақта әнсүйер, поэзиясүйер қауымды мойындатып жатса, оған таңқалуға да болмас. Ал қаламақы сұрамайтын жансыз ақын – жасанды интелекттің көмегіне жүгінетіндер әлден-ақ көбейіп тұр.
Фото: iStock.
ТАҚЫРЫПҚА ОЙ ҚОСЫП, ПІКІРІҢІЗБЕН БӨЛІСУ ҮШІН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!