Жол апаты қыркүйектің 24-інде Степногор - Заводской жолында болған
Ақмола облысында жол апатынан 3 адам көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол апаты қыркүйектің 24-інде Степногор - Заводской жолында болған.
"Анықталғанындай, Заводской бағытында жүріп бара жатқан Lada Kalina көлігі жолдың қарсы бағытына шығып кетіп, Nissan Teana көлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Салдарынан Lada Kalina көлігі өртеніп, жүргізушісі мен екі жолаушысы көз жұмды. Ал, Nissan Teana көлігінің жүргізушісі мен жолаушысы Степногор қалалық ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылды", - деді ведомстводан.
Департаменттің баспасөз қызметінен атап өткендей, қазіргі кезде бұл дерек Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне алынды.