Қазір сиырдың иесі анықталып, оған хаттама толтырылды
Шымкент қаласында жол бойына шығып кеткен бұқа, көлігін жөндеп жатқан жүргізушіні сүзген. Қазір сиырдың иесі анықталып, оған хаттама толтырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Абай аудандық Полиция басқармасы Жергілікті полиция бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы Эльбурс Нышанбаев 15 наурызда Жиделібайсын көшесінің бойында автокөлігін жөндеп жатқан жүргізушіні сүзіп соғып кеткен бұқаның иесін анықтап, полицияға жеткізді.
Бұқаны сол көшенің 42 жастағы тұрғыны мал базарынан сатып алып келе жатқан кезде, бауынан босап кеткені анықталды. Осындай жағдайларға жол бермеу бойынша бұқаның иесімен профилактикалық сұхбат жүргізіліп, оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 408-бабының 2-бөлігі (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті өкілді органдары белгілеген, жеке тұлғалардың денсаулығына немесе мүлкіне зиян келтіруге әкеп соққан ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережелерін бұзу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.