Өзбекстанда су қоймасының бөгеті бұзылғаннан кейін Қазақстанның бірнеше елді мекенде орналасқан коллекторларға су толды
Түркістан облысына қарасты Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт АСАНОВ түнгі сағат 00:00-де төтенше жағдай жариялауға тапсырма берді, Sputnik деп хабарлады.
Өзбекстанның Сырдария облысында орналасқан "Сардоба" су қоймасы бөгетінің бұзылуына байланысты 2020 жылдың 1 мамыры күні сағат 16:00 шамасында Түркістан облысының Мақтаарал ауданында бірнеше елді мекенде орналасқан коллекторларға су толған.
Өзбекстан ТЖМ шұғыл мәліметіне сәйкес, сағат 20:15 шамасында "Сардоба" су қоймасы Қазақстан Республикасы аумағына су ағызуды тоқтатқан.
"Қазіргі таңда Мақтаарал ауданы әкімдігі шұғыл штаб құрды. Түркістан облысының төтенше жағдайлар департаментінің құрамы мен Мақтаарал ауданы әкімдігінің қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр", - деп хабарлады аудан әкімінің баспасөз қызметі.
Еңбекші ауылдық округіне қарасты Жаңа тұрмыс елді мекені, Жаңа жол ауылдық округіне қарасты Жеңіс, Нұрлы жол елді мекендерін су басу қаупі туындап, тұрғындарды қауіпсіз жерге эвакуциялау үшін аудан орталығы Мырзакент кентінде орналасқан "Мырзакент" мектеп гимназиясында 600 орын, "С.Рахымов" атындағы жалпы орта мектепте 700 орын, "Пушкин" атындағы жалпы орта мектепте 400 орын, "Абылайхан" атындағы жалпы орта мектепте 500 орын дайындалды.
Мақтаарал ауданының әкімі, аудандық төтенше жағдай штабының төрағасы Бақыт Асановтың төрағалығымен 2 мамыр күні түнгі 00:00-де штаб мүшелерімен арнайы жиын өтіп, төтенше жағдай жариялауға тапсырма берілді.
Қазіргі таңда Жаңажол ауылдық округіне қарасты Жеңіс елді мекенінің тұрғындары қауіпсіз жерге жаппай көшіріліп жатыр, деп толықтырды баспасөз қызметі.
Өзбекстанда бөгет бұзылды
Өзбекстанның Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасының бөгеті бұзылды. Оқиға орнына Өзбекстан президенті Шавкат МИРЗИЁЕВ келіп жағдаймен танысты.
Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі ағын су Сардоба ауданындағы Қорғантөбе ауылының біршама бөлігін басып қалғанын хабарлады.
Ресми дерек бойынша 11,5 мыңнан астам тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Су негізінен егіс алқаптарына зиян келтірген.
Фото: tengrinews.kz.