
Ақсулық диджей Imanbek (Иманбек Зейкенов) Billboard Awards марапатын иеленді
Қазақстандық диджей Imanbek (Иманбек Зейкенов) тағы бір беделді марапаттың иегері атанды, деп хабарлайды Sputnik.
"Billboard Awards марапатын алдым, бұл Grammy сияқты. Қоржынға + 1", - деп жазды ол Instagram-дағы парақшасында.
Billboard Awards – әртістердің музыкалық чарттардағы жетістігі үшін берілетін жүлде. Оны америкалық Billboard музыкалық баспа басылымы табыстайды.
Диджейдің айтуынша, ол жүлдені Saint Jhn орындайтын "Roses" әнінің ремиксі үшін "Үздік би/электронды ән" номинациясы бойынша жеңіп алған.
Еске салсақ, бұған дейін осы трек үшін Imanbek "Грэмми" сыйлығын иеленді. Ол осы марапатқа ие болған алғашқы қазақстандық атанды. Иманбекті жеңісімен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады.