
Орыс мектептері Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстарында көбірек тіркелген
Қазақстанда орыс тілінде оқытатын 1124, аралас тілдегі 2684 мектеп бар. Онда 1 233 969 бала білім алып жүр. Оқу-ағарту министрлігі Kazinform сауалына жолдаған жауапта осындай мәлімет айтты.
- Ұлттық білім беру дерекқорынан алынған мәліметке сәйкес 2024-2025 оқу жылында елімізде сегіз мыңға жуық мектепте 3,9 млн бала білім алып жатыр. Оның ішінде 4097 мектеп қазақ тілінде (2 720512 бала), 2684 мектеп аралас, 1124 мектеп орыс тілінде (1 233 969 бала) оқытады. Соңғы жылдар көрсеткіші бойынша аралас тілде білім беретін мектептердің көбеюі мемлекеттік тілде білім алуға ниет білдірушілердің санының артуына байланысты, - деп түсіндірді министрліктен.
Орыс тілінде оқытатын мектептер Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстарында көбірек тіркелген.
- Сонымен қатар жергілікті тұрғындардың сұранысына қарай ағылшын, ұйғыр, өзбек тілдерінде білім беретін мектептер жұмыс істейді, - деп атап өтті Оқу-ағарту министрлігі.
Фото: Әділет Беремқұлов / Kazinform.
ТАҚЫРЫПҚА ОЙ ҚОСЫП, ПІКІРІҢІЗБЕН БӨЛІСУ ҮШІН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!