Алматыда 7 ақпаннан бастап ауа райы нашарлады. Қар жауып, көктайғақ болды
Алматыда ауа райының бұзылуына байланысты таңнан бері 25-тен астам жол оқиғасы болды. Соған байланысты жергілікті полиция көлік жүргізушілерін сақ болуға шақырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Таңғы алтыдан бастап қаланың жоғары бөлігінде 25-тен астам жол оқиғасы болған. Он апатта зардап шеккендер бар.
"Жауын-шашын, көктайғақ қаладағы жол қозғалысын едәуір қиындататыны белгілі. Соның салдарынан кептеліс болады. Алайда бұған көлік жүргізушілерінің де тікелей қатысы бар. Бірі жылдамдықты төмендетпейді, қауіпті маневр жасайды, жаяу жүргіншілер де рұқсат берілмеген жерді кесіп өтеді", - деді Алматы қаласы жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Манап САТТАРОВ.
Айтуынша, осының бәрі қалада жол қозғалысына кері әсер етеді.
Айта кетері, Алматыда 7 ақпаннан бастап ауа райы нашарлады. Қар жауып, көктайғақ болды. Қазір қалада ауа температурасы -2 градусты көрсетіп тұр. Қалың тұман түскен, жаңбыр сіркіреп тұр.