Жігіттердің де дәлелдегісі келгені осы
Астаналық “Барыс” Минск қаласында жергілікті “Динамоны” ұтты. Қортынды есеп: 2:1.
“Барыс” сапынан Әлихан ӨМІРБЕКОВ пен Кирилл ПАНЮКОВ гол соқты. Екеуі де өзіміздің жігіттер. Яғни, легионер емес.
Матчтың өзі қызық болды. Алдымен алаң иелері есеп ашқан. Артынша Әлихан теңестірді. Ал Кирилл 30 секунд қалғанда мергендігімен көзге түсіп, жеңісті жұлып алды.
Яғни, шетелдік хоккейшілерсіз-ақ жеңіске жете аламыз. Жігіттердің де дәлелдегісі келгені осы.
Бәрімізге белгілі, қазір “Барыс” командасында үлкен өзгерістер болып жатыр. Ұзақ жылдар тапжылмай отырған бас директоры Борис ИВАНИЩЕВ жуырда отставкаға кетті.
Оның орнына Нұрлан ОРАЗБАЕВ тағайындалды. Ал бас бапкер қызметіне Ғалым МӘМБЕТӘЛИЕВ келді.
Ол бірден командадағы бірнеше легионермен қош айтысты. Сәйкесінше, осы ойынға жергілікті ойыншыларды көбірек шығарды.
“Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ легионер-спортшыларға тәуелділікті азайтып, өз спортшыларымызға басымдық беруді және шетелдік кәсіби жаттықтырушыларды тартуға тапсырма берген болатын. Бұл көп кешікпей өз нәтижесін беріп жатыр”, - деп жазды спортқа жауапты министр Ербол МЫРЗАБОСЫНОВ өзінің инста парақшасында.
“Алдағы уақытта бұдан да басқа нәтижелердің жемісін көре бастайтынымызға сенімдімін”, - деп сөзін түйіндепті.
Ендеше күтеміз. Өзгерістер керек. Үлкен өзгерістер керек. Жеңісті күндер көп болсын!
Дереккөз: Спорт журналисі Аслан Каженовтың Facebook-тегі парақшасы. Автордың рұқсатымен жарияланды.
Фото: hcbarys.kz.
ТАҚЫРЫПҚА ОЙ ҚОСЫП, ПІКІРІҢІЗБЕН БӨЛІСУ ҮШІН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!