Мынаның әзірге кеткісі жоқ...
Матчтан кейінгі сұхбатын тыңдап отырмын.
"Биылғы маусым сәтсіз болды. Енді алдағы жылы барлығын таза парақтан бастаймыз. Келесі маусымның жеребесін күтеміз", - деп әңгімені жіберіп отыр.
Негізі, түсінігі бар азамат барлық жауапкершілікті мойнына алып, қолынан келмейтінін ашық айтып, өз еркімен қызметінен кетуі керек қой.
Бүкіл жанкүйер ұнатпай отыр. Бүкіл халық қарсы болып отыр. Осынша жиіркенішті екеніңді біле тұра қалай түк білмегендей жүре бересің? Қалай ары қарай жұмысты жалғастырасың?
Станислав мырза, еркек болсаңыз, өз еркіңізбен орныңызды босата қойыңыз. Дәл осылай қақпамызға 15 гол жіберіп, жеңілістен көз ашпауды сізсіз де білеміз. Қарсыласқа бір-де бір гол соқпауды тіптен қатырамыз.
Ашығын айту керек, ештеңе істей алмадыңыз. Үмітті ақтамадыңыз.
Біз о баста келгеніңізге қарсы едік. Әйтеуір мүдделі тараптар пайда болып, ақыры осы жерге отырғызды. Халықтың қарсылығына қарамастан, потолок айлық қойып берді. Бірақ, жеме-жеме келгенде дым да бітірмедіңіз.
Енді көпшілік әлгі өтемақыға алаңдап отыр.
ЧЕРЧЕСОВ қызметінен кетсе, 1 миллион евро көлемінде өтемақы алады деген ақпарат шықты.
Кішкене болса да қадіріңіз қалсын десеңіз, сол өтемақыдан бас тартып, тыныш кете қойыңыз. Сізден үнемделген қаржыны балалар футболына жұмсайық. Қазақ футболына қосқан үлесіңіз сол болсын. Өз басым өмір бойы, Станислав Черчесов бас бапкер болғанда осылай жасаған еді деп жарнамалап айтып жүремін. Керемет емес пе?!
Онсыз да ай сайын қыруар қаржыны қалтаға басып жатырсыз.
Жететін шығар. Болды.
Кете қойыңыз, көке. Артыңызға қарамаңыз...
Дереккөз: Спорт журналисі Аслан Каженовтың Facebook-тегі парақшасы. Автордың рұқсатымен жарияланды.
Фото: ҚФФ.
ТАҚЫРЫПҚА ОЙ ҚОСЫП, ПІКІРІҢІЗБЕН БӨЛІСУ ҮШІН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!