2026 жылдың 2-3 қазан күндері, Жамбыл ауданында Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған «Жыр алыбы – Жамбыл» атты халықаралық айтыс пен мерекелік гала-концерт ұйымдастырылады.
Іс-шараның мақсаты: Қазақтың суырыпсалма ақындық өнерінің шыңы, жыршылық дәстүрдің дара өкілі, халық поэзиясының алыбы Жамбыл Жабаевтың 180 жылдық мерейтойы – ұлттық руханият үшін айрықша маңызы бар тарихи белес. Осы айтулы датаға орай ұйымдастырылатын мәдени іс-шаралар ұлы ақынның шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттауға, айтыс өнерінің мәртебесін асқақтатуға және ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталған.
2 қазан күні «Жыр алыбы – Жамбыл» атты халықаралық айтыс өтеді. Сөз додасында еліміздің және шетелдің суырыпсалма ақындары бас қосып, Жамбыл бабамыздың жыршылық дәстүрін жалғастырып, ұлттың рухани құндылықтарын жырмен өрнектейді. Барлығы 12 ақын қатысады.
3 қазан күні мерейтойлық шаралардың жалғасы ретінде үлкен гала-концерт ұйымдастырылады. Гала-концертте еліміздің танымал жұлдыздары Қайрат Нұртас, «Жігіттер» тобы, Тоқтар мен Бейбіт, Алашұлы, Nurbullin, Сырым Исабаев, Баянсұлу, Балжан Бидаш өнер көрсететін болады. Сондай-ақ, облыс өнерпаздарының концерттік бағдарламасы ұсынылады. Ұлттық ат спорты жарыстары ұйымдастырылып, ұлттық көрмелер қойылады.
Кеш қонақтары: Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, аудан тұрғындары мен қонақтары қатысады.
