Тараған ақпаратқа сәйкес, қыз бен жігіт бір жылға жуық кездесіп жүрген
Түркістан облысы Сайрам ауданы Ақсукент ауылында ер адам сүйіктісін өлтірді деген ақпарат тарады.
Бұл туралы Stan.kz хабарлап жатыр.
Желіде тараған ақпаратқа сәйкес, қыз бен жігіт бір жылға жуық кездесіп жүрген. Тіпті той күнін белгілеп қойған екен. Жігіт қызды күнделікті жұмысынан алып қайтып, үйіне жеткізіп жүрген. Ол 30 маусым күні кешкі сағат 18:30-да қызды жұмысынан алып, бірден өз үйіндегі көлікжайға кірген. Одан кейін не болғаны белгісіз. Сарапшылардың талдауына сәйкес, қыз 20:30-да қайтыс болған.
Toyota Land Cruiser Prado көлігінің салонында 19 жастағы З. сүйіктісі Э.-ні ұрып-соққан. Қыз соққылардан көз жұмған. Алайда қылмыстың нақты себебі хабарланған жоқ.
Аталған жағдайға қатысты, Түркістан облысы полиция департаментіне хабарласып, оқиғаның мән жайын білдік.
“Аса ауыр қылмыс жасады деген күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қылмыстық іс қозғалды. Барлық қажетті сараптамалар тағайындалды. Болған оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр”, – делінген хабарламада.
Фото: видеодан скрин.
ТАҚЫРЫПҚА ОЙ ҚОСЫП, ПІКІРІҢІЗБЕН БӨЛІСУ ҮШІН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!