![](https://imagesratel.kz/cdn/innermain/i/2021/June/24/b513f7cfbf8eaa7713e6fec7ba3ba634117c0db2.jpg)
Әлімханұлы – Брант жекпе-жегі Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 27 маусым күні 08:00 шамасында басталады
Орта салмақтағы қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы (9-0, 5 КО) өзінің Лас-Вегасқа келгенін мәлім етті. Мұнда ол 26 маусым күні орта салмақ санатында WBA Regular бұрынғы әлем чемпионы Роб Брантпен (26-2, 18 КО) жұдырықтасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz сайтына сілтеме жасап.
"Біз Лас-Вегастамыз. Сенбі күні Вегаста үлкен жаңалықтар болады және бүкіл әлем бұл туралы білетін болады. Вегаста не болып жатқаны Вегаста қалмауы керек. Мен қазақ мәнерін көрсетемін", - деп жазды Жәнібек Twitter-де.
Әлімханұлы – Брант жекпе-жегі Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 27 маусым күні 08:00 шамасында басталады. Соңғы рет Жәнібек шаршы алаңға қазан айында шыққан болатын. Ол кезде аргентиналық Гонсало Корияны (16-4, 6 КО) нокаутпен жеңген еді. Роб Брант өзінің соңғы айқасын 2020 жылдың тамыз айында өткізіп, бесінші раундта украиналық Виталий Копыленконы (28-3, 16 КО) нокаутқа жіберді.