Сот азаматтың әрекетін ұсақ бұзақылық деп таныды
Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты дүкеніне “Обслуживаем только на русском” деп жазып қойған азаматтың әрекетін ұсақ бұзақылық деп таныды, деп жазады kursiv.media.
2025 жылғы 16 қаңтарда Н. есімді азаматша Павлодар қаласы Лермонтов көшесіндегі дүкеннің кіреберіс есігі мен сөресіне “Обслуживаем только на русском” деген мазмұндағы хабарламаны жапсырған.
Сот бұл әрекетті қоғамдық тәртiп пен жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын, айналасындағыларға құрметпен қарамауды бiлдiретiн әрекет деп бағалаған.
“Н. кінәсін толық мойындап, өкінді. Ол мұны “Маған “бір фарш” беріңізші” деген өтінішіне сатушының орысша сөйлеуін өтінуімен түсіндірді, бұл оның осы әрекеттерге баруына түрткі болған”, - делінген сот хабарламасында.
Сот павлодарлық азаматтың әрекеті әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігін бұзу деп танып, оның кінәсін мойындауын, өкінгенін, құқық бұзушылықты алғаш рет жасауын ескеріп 55 048 теңге айыппұл салған.
Сот қаулысы заңды күшіне енбеген.
Фото: Коллаж: KursivMedia.
ТАҚЫРЫПҚА ОЙ ҚОСЫП, ПІКІРІҢІЗБЕН БӨЛІСУ ҮШІН TELEGRAM КАНАЛЫМЫЗ БАР!