Сенбі, 12 қараша күні Palms-тегі турнирде әлем чемпионы атағы үшін екі жекпе-жек өтеді
Дүниежүзілік бокс ұйымының (WBO) орта салмақ санатындағы чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (12-0,8 КО) кезекті жекпе-жегіне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Көптеген боксшылар жан-жаққа қашқан кезде, шақыруды қабыл алғаны үшін Дензель Бентлиге алғыс айтамын. Лас-Вегастағы The Palms-та әлем чемпионы атағын қорғау мен үшін үлкен құрмет және әлемге "Қазақ стилі" не екенін тағы бір рет көрсететін боламын", — деп келтірілген Әлімханұлының сөзі ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі "Қазақстанның кәсіпқой боксы" парақшасында.
Сондай-ақ қазақстандық боксшы Instagram-дағы жеке парақшасында: "Вегаста көріскенше! Көзілдірік тағып кел, себебі мен рингте жарқырайтын боламын. Qazaq Style", - деген жазба орналастырды.
Айта кетейік, кеше Top Rank промоутерлік компаниясы Ж.Әлімханұлы – Д.Бентли (17-1-1,14КО) жекпе-жегін ресми түрде жариялаған болатын. "Сенбі, 12 қараша күні Palms-тегі турнирде әлем чемпионы атағы үшін екі жекпе-жек өтеді", - деп жазды Top Rank Instagram-да.
Еске салайық, Жәнібек Әлімханұлы биылғы 22 мамырда британиялық Дэнни Дигнумды (14-0-1, 8 КО) екінші раундта нокаутқа түсіріп, WBO нұсқасы бойынша орта салмақта "уақытша" чемпион атанған еді.
Кейін Америка боксшысы Деметриус Андраде Ж.Әлімханұлымен міндетті жекпе-жектен бас тартты. Осыған байланысты, қазақстандық боксшыға «уақытша» чемпионнан орта салмақтағы WBO нұсқасы бойынша толық құқылы әлем чемпионы мәртебесі берілді.
Фото: vk.com/kazproboxing.