Ұлты қазақ ресейлік режиссер Олжас Жанайдаров «Жұт» пьесасы, туған жері және бүгінгі қазақстандық қойылымдар жайлы
Олжас ЖАНАЙДАРОВ әскерилер отбасында дүниеге келіп, жеті жасында ата-анасымен Алматыдан Мәскеуге қоныс аударады. Содан бері ол Ресей астанасында тұрып келеді. Олжас Ерденұлы осы елде жазушы, драматург, журналист ретінде танылды. Бүкілресейлік, һәм халықаралық драматургиялық байқауларда үздіктер қатарынан табылды. Бір қызығы, қоғамдық резонанс тудырған үш пьесасы да қазақтың өткені мен бүгініне арналады.
Соңғы жылдары Олжас туған қаласы Алматыға екі рет келіп кетті. Бірінші рет халықаралық театр мен «Откровение» жастар фестиваліне келген. Бұл іссапар оның Алматыға қайта келуіне мұрындық болды. Олжастың «Джут» атты пьесасын қазақстандық режиссер, ҚР-ның халық әртісі Рубен АНДРИАСЯН Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының кіші сахнасында қойды.
Бұл жолы Олжас Алматыға бүгінгі заман драматургиясы туралы дәріс оқуға келіп отыр. Ресейлік драматург лекциясын Т. Жүргенов атындағы өнер академиясында тегін жүргізеді. Екі айға жалғасатын жобаны Ресей Федерациясының театр қайраткерлер одағы мен шет елдегі орыс театр қайраткерлері Ассоциациясы ұйымдастырған.
Қазақстанда бүгінгі өмір сахналанып жатқан жоқ
– Олжас, бүгінгі драматургия туралы курс ұйымдастыру идеясы қалай пайда болды?
– 2014 жылы «Откровение» жастар фестиваліне әділқазы мүшесі болып келгенімде ойға келді. Сол байқау аясында қатысам деген барлық жазу білетін адамдарға арнап мастер-класс өткізген едім. Аудиторияға театр сыншылары, театр продюсері, актерлар, режиссерлар мен журналистер келді. Қысқасы, бас-аяғы 7-8 адам жиналған-ды. Драматургтер болмады. Содан Қазақстандағы драматургтердің жағдайын түсіндім.
– Көп дүниені театрдағы репертуар айтып тұрған жоқ па? Біз де көбіне классикалық шығармалар сахналанады ғой...
– Ия, шамамен алматылық театрлардың репертуарының 90 пайызы классикалық шығармалардан тұрады. Қалғандары миф пен аңыздар, тарихи тақырыптар. Бүгінгі өмірді театрлар көрсетпейді.
– Бұл көңілді құлазытады ғой...
– Қазақстандағы театр саласына бей-жай қарай алмаймын. Ресейде драматургия дамып жатыр. Жергілікті қаламгерлердің пьесалары жеке меншік театрлар мен үлкен сахналарда да қойылып жатыр. Пьеса жазып жүрген замандастарымның туындыларымен ЧЕХОВ және «Современник» театр ұжымдары зор ықыласпен жұмыс жасайды. Қазақстан менің туған жерім, атамекенім болған соң, театр төңірегіндегі олқылықтарды өзгерткім келеді.
– Сондықтан да жұмыс бастадыңыз...
– Жастар фестивалінде «БТ» театрының директоры Айгүл Сұлтанбековамен таныстым. Бұл жоба жаңа драматургтердің шығуына, олардың театрлармен араласуына мұрындық болады деп үміттенем. Жазда байқау жариялағанбыз. Әлеуметтік желі арқылы ықылас танытқан авторлар шығармаларын ұсынды. Осылайша біз курсқа драматургтерді іріктедік. Драматургтер аз болған соң, прозашылар арасынан да таңдау жасадым. Бұның барлығы Алматыдағы ашық әдеби мектептің арқасында жасалды. Бұл мектеп Алматыдағы әдеби кадрларды әзірлейтін жалғыз мекеме.
- Сонымен қанша адамды іріктеп алдыңыз?
– Елу адам біздің дәрісімізге қатысуға ынталы болған-ды. Олардың 20-сын екінші турға өткізіп, сұхбаттастық. Қысқасы, 13 адаммен жұмыс жасаймыз деп тоқтадық. Олардың алтауы қазақ тілді қаламгерлер. Бізде мәтін орыс тілінде жазылады. Десе де, қазақ авторларының бізден алары бар деп ойлаймын. Біз бірінші қыркүйектен бастап сабағымызды бастадық. Дәріс аптасына екі рет оқылады.
– Жаңа шыққан драматургтер қандай тақырыптарда қалам тербеді?
– Әртүрлі. Трагифарс, мелодрама, комедия да жазды. Шығармашылық еркіндік берілді.
«Джут» пьесасын өзім үшін жазғам
– Олжас, сіздің көптеген пьесаларыңыз қазақ өміріне арналған. Олар: «Беруши» («Бiр, екi, үш»), (махаббат пен бауырлар арасындағы өшпенділік жайлы), «Джут» (қазақ даласындағы аштық туралы), «Магазин» (бүгінгі күнгі құл иленушілер туралы). Ресейде бұл қалай қабылданды? Сіздің шығармаларыңыз арқылы Қазақстанды тану олар үшін қызық па?
– Ия, қызық! Мен өзім қатты таңғалғандым. «Джут» пьесасын мен өзім үшін жазған болатынмын. Ата-бабалар алдындағы қасиетті парызым еді. Атам жарықтық бала кезінде аштықты көзімен көрген. Бұл пьесам 2013 жылы Бүкілресейлік драматургтер байқауында бас жүлде алды. Қазылар алқасы бұл пьеса Ресей аудиториясына қазақ даласындағы жұт тақырыбын ашқандығын мойындады. Ресейде «Джут» пьесасы Уфа қаласында қойылды. Башқұрттарға бұл тақырып жақын. Олар да аштықтың зардабын тартқан. «Беруши» Новосібірдегі «Старый дом» театры мен Санкт-Петербургтегі Л. Додина Европа театрында қойылды. Айтпақшы, «Беруши» ресейлік театр институттарында оқытылады. «Магазин» «Любимовка» фестиваліне ұсынылған болатын. Ресей АҚШ біріккен мәдени жоба аясында Нью-Йоркте ағылшын тілінде сахналанды. Жуырда «Магазинді» татар тілінде Татарстанда да қойды. Бұл туындымды қазақстандық режиссерлардың қоюында көргім келеді.
– Сіз «Джут» пьесаңызда бүгінгі және өткен шақты қатар алып отырасыз. Қазақстандық режиссер Рубен Андриасян тарихи көрініске мән берді. Ал қазақ тақырыбындағы пьесаларыңыз ресейлік режиссерларды несімен қызықтырады?
– Ресейде керісінше, бүгінгі күнге мән береді. Және шығыс пен батыс өркениетінің қақтығысын, миграция мәселесін, мәдениеттердің сіңісуін ашады. «Джутты» қазақ тілінде Астана, Ақтау қалаларында қойды. Орыс тілінде Орал мен Петропавлда көрерменге жол тартқан.
Тарихи тақырыптағы пьесаларды қою ыңғайлы
– Сіздіңше, қазақстандық театр қайраткерлері тарихи тақырыптарға неге әуес? Олар үшін бүгінгі қоғам қызықсыз сияқты...
– Тарихи тақырыптар ыңғайлы, әрі жеңіл. Заманауи пьесалар бүгінгі қоғамдағы өткір тақырыптарды көтереді. Сондықтан театрларға тарихи тақырыптарға бара берген тиімді.
– Бұл жерде цензура бар шығар?
– Ол да бар. Ресейде заманауи пьесаларға деген сенімсіздік жиырма жыл бұрын болған. Сол кезде шетел немесе классикалық дүниелер сахнаға шықты. Бұл жағдайды өзгерту керек болатын. Фестивальдар, түрлі байқаулар «қамалды» құлатты. Ресей ол жолды жүріп өтіп, қазір ешкім ол жақта заманауи драматургияны жатсынбайды. Бастапқыда көрермен өмірдің тек қара жағын көрсетеді деп режиссерды, драматургты жазғырды. Уақыт өте аудитория қалыптасып, Ресейдегі проблемаларға қатысты көзқарасын, азаматтық ұстанымын өзгертен бұқара пайда болды. Қазақстанға да осы сүрлеулерді артқа тастау керек. Шынында біздің жоба осы бір мәселелерді шешу үшін қолға алынды.