Жаңақорғанда жылқы неден қырылды?
Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының төрт ауылында жылқы қырылды. Дендеген кесел бір аптаның ішінде түлікті баудай орып түскен. Тұрғындардың сөзінше, бір жарым айдан бері екі жүздей жануар өлген. Осы уақытқа дейін дерт белгісіз болып келген: ауырған мал жайылмай, су да ішпей арам қатқан.
Аудан тұрғыны Кәнетбек КЕНБАЙ: "Мал ұстағанымызға 40-50 жыл болды, дәл мұндай ауру түрін бұрын-соңды көрген емеспіз", - деп бас шайқап отыр.
Қаратаудың етегіндегі ауыл тұрғындары бас-аяғы 200-дей мал өлді десе, облыстың бас ветеринары Ерсұлтан ӘПЕТОВТЫҢ дерегі басқа. Ол өз сөзінде ауданда 94 жылқы гастрофилез кеселін жұқтырған, оның 63-ін зоомамандар емдеп шықты, 29-ы ғана өлді деп отыр. Ветеринарлар "мал иелері төрт түлігіне санитарлық тұрғыдан салғырт қарайды" деген пікір айтса, тұрғындар "дәрісін де, арнайы пастасын да беріп, екпесін де салдық" деп өз уәждерін алға тартуда.
Аталған кесел паразитарлық ауру санатына жататындықтан өлген малға өтемақы төленбейді дейді облыстық ветеринария басқармасының басшысы.
Айта кетейік, осы көктемде Қызылорда өңірінде түйелер цефалопиноздан қырылған болатын.