
Министрдің айтуынша, номинал жалпы ішкі өнім 2021 жылы 76,7 триллион теңгені, ал 2025 жылы 104,8 триллион теңгені құрайды
Қазақстан экономикасын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған үш ықтимал сценарийі әзірленді. Базалық сценарийде ЖІӨ нақты өсімі 2021 жылы 2,8% деңгейінде болжанып отыр. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ол сыртқы және ішкі жағдайларды ескеріп, Қазақстан экономикасын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған 3 ықтимал сценарийі әзірленгенін атап өтті. Консервативті тәсілді ескере отырып, бюджеттік жоспарлау үшін базалық сценарийді пайдалану ұсынылады.
"Базалық сценарийде жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 2021 жылы 2,8 пайыз деңгейінде болжанып отыр. 2025 жылы ол 4,6 пайызға жетеді", – деді Дәленов үкімет отырысында.
Айтуынша, номинал жалпы ішкі өнім 2021 жылы 76,7 триллион теңгені, ал 2025 жылы 104,8 триллион теңгені құрайды.
Пандемия аясында биыл әлемдік экономика 4,9%-ке төмендеп, 2021 жылы 5,4%-ке дейін өседі деген болжам бар.
Фото: platon.asia.