Сотта ол айыппұл төлеп құтылғанына қуанды
Қалалық № 2 сот "Охотзоопром" Республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Ақтөбе филиалының басшысы Галел ТӨЛЕУОВҚА 30 миллион теңге көлемінде айыппұл салды.
Шенеунік айыппұл салуды өзі өтінген. Соттың сөзін жерге тастамағанына қатты қуанды. Браконьерлермен күресуші және табиғат қорғаушысы 30 миллиондық айыппұлды төлеу түк емес дейді. Одан отбасылық бюджетке салмақ түсіп, қалтам босап қалмайды деп отыр. Төлеуов өзіне тағылған барлық айыпты мойындады.
Төлеуовтың қарамағындағы инспектор браконьер соңына түсемін деп қызметтік құжатын жоғалтып алыпты. Төлеуовтың ісінде жазылғандай басшы қызметкерін жауапкершілікке тартпау үшін сый дәметкен. Инспектор қолына түскен 50 мың теңгені бастығына рақмет айтып беріпті. Алайда, шенеунік «алғыстың» бұндай көлемін азсынып, реніш білдіріген көрінеді.
Бастық қарамағындағы адамнан 500 мың теңге беруін талап еткен. Бұл ақшаны алып жатқан кезде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша Ұлттық бюро қызметкерлері ұстаған. Төлеуов бәз біреулердей бұл маған қойылған қақпан дегендей бұлғаққа салған жоқ. Бәрін бірден мойындады. Сондықтан да сот үкімді жеңілдетті.
Сонымен қатар, оған енді мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынды. Бұрыңғы шенеунік бұны қалай қабылдағаны белгісіз, ол пікір айтудан бас тартып, сот залынан жылдам шығып кетті.
Фото: sputniknews.kz.