Президенттің мемлекеттік тілге қатысты айтқанын сөзіне Тәжин куәлік ете алады
Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен АБАЕВ президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ Үкімет және Парламент жұмысын қазақ тілінде өткізу туралы сөзіне қатысты тапсырмасын түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кеше Мемлекет басшысы министр Дәурен Абаев пен ПӘ жетекшісінің орынбасары Марат ТӘЖИНДІ қабылдаған. Сол кезде Елбасы үкімет пен парламенттің жұмыс тіліне қатысты айтқан болатын.
«Латын әліпбиіне көшу біздің халық үшін тарихи тұрғыдан аса маңызды. Әйтсе де біз қазақ тілінің мәртебесін көтеру жұмыстарын жалғастыруымыз керек. Мен Үкімет пен Парламент айттым. Үкімет пен парламент өз жұмысын тек мемлекеттік тілде жүргізуі қажет. Бірақ бұл мәселеде азаматтардың құқығына нұқсан келмеуі керек. Олар үшін синхронды аударма мүмкіндігін қарастыру қажет», - деген еді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Министрдің айтуынша, Үкіметте орыс тілінде сөйлеуге ешкім тыйым салмаған.
«Менің түсінуімше, Мемлекет басшысы Үкімет пен Парламентте біз мемлекеттік тілге көшетінімізді айтқысы келді. Менің ойымша, бұл мемлекеттік тілді меңгеру саласына қатысты сұрақ. Біз Үкімет пен Парламентте қазақ тілінде сөйлейтіндей жағдайға көшуіміз керек. Бірақ, «тек қана» деген сөз менің білуімше айтылмаған. Демек, бұл Қазақстанның әрбір азаматының мемлекеттік тілді меңгеру деңгейіне байланысты», - дейді министр. Дәурен Абаев өз сөзінде егер Үкімет мүшесі өз ойын орыс тілінде жеткізуге құлықты болса, орысша сөйлеуіне болатынын атап өтті. Сонымен қатар, министр отырыстарға қатысатын тілшілерге синхронды аударма әзірленгендігін, ал онлайн-көрілімдегі көрермендер үшін мұндай аударма қарастырылмағанын тілге тиек етті. Осыған байланысты БАҚ өкілдері «орыс тіліне аударма жұмысы қарастырыла ма?» деген сауал қойды. «Менің ойымша, бұл аса күрделі мәселе емес. Оны қарастыруға болады. Сіздер репортаж жасап, министрлер айтқан ойды халыққа жеткізе алады деп ойлаймын», - деді Дәурен Абаев.
Министр Абаевтың бұл түсіндірмесін біз түсіне алмадық. Дәурен Әскербекұлы «тек қана» деген менің білуімше айтылмады деуі қызық. Президенттің қасында отырып министр мырза қалай естімегеніне таңқаласың. Біз министірімізбен сөз таластыруға ықласты емеспіз. Тек кешегі Ақордадағы кездесудің видеосын Ratel оқырмандарына ұсынғысы келеді. Президент видеодағы 2 минут 15 секундта "Үкімет пен парламент өз жұмысын тек мемлекеттік тілде жүргізуі қажет" деп шегелеп айтады. Бәлкім, Абаев мырза президент сөзін дұрыс естімей қалған шығар. Мүмкін бұл кездесуде болған Марат Тәжиннен Елбасының айтқандарын нақтылап сұрап алу керек пе еді?
Фото: Inform.kz.