Қаңтарда өтетін Қауіпсіздік Кеңесінде ядролық қаруды таратпау мәселесі басты талқыланатын тақырып болмақ. Бұл туралы сейсенбіде Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде болған баспасөз мәслихатында Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі, Қауіпсіздік Кеңесінің қаңтардағы төрағасы Қайрат Омаров мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат БҰҰ Жаңалықтар орталығына сілтеме жасап. Елші Қауіпсіздік Кеңесінің осы айдағы жұмысы жайында әңгімеледі, сондай-ақ 18 қаңтарда Кеңесте жаппай қырып-жою қаруларын таратпауға арналған жоғары деңгейдегі тақырыптық брифинг өтетіндігін айтты. Оған бірқатар елдердің басшылары мен министрлері қатысады. Брифингте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлейді. «Неліктен бұл мәселені қозғауға шешім қабылдадық? Біз бүгінгі таңда түрлі саяси көшбасшылардың, елдердің арасында сенімді қарым-қатынастар құруға көбірек мән беруіміз қажет деп есептейміз», - деді Қайрат Омаров. - Онсыз ешқандай мәселені шешу мүмкін емес. Меніңше, қазіргі әлемде дәл осы жетпей тұр». Қ. Омаров 19 қаңтар күні Қауіпсіздік Кеңесінде Қазақстанның сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Ауғанстан мен Орталық Азия елдері арасындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға арналған министрлер деңгейіндегі пікірсайысқа төрағалық ететіндігін мәлім етті. Отырыста БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш сөз сөйлейді. БҰҰ басшысы Орталық Азияға өткен жылдың жазында келген. Қазақстан елшісінің сөзіне қарағанда, Қауіпсіздік Кеңесінің қаңтардағы күн тәртібінде тұрған үшінші маңызды тақырып Таяу Шығыс, соның ішінде Палестина мәселесі болмақ. Сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері Сириядағы жағдайды да талқылайды, - деді Қ. Омаров. Ол 2017 жылы желтоқсанда Астанада Сирия бойынша кезекті кездесу өткендігін еске салды. БҰҰ-да оны нәтижелі деп бағалады. Қазақстан алғаш рет Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болды және алғаш рет оған төрағалық етуде. Қазақстан Орталық Азия елдерінің ішінде Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайланған алғашқы мемлекет атанды.