Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Берлиндегі Қазақ мәдениеті орталығында «Көшбасшы жолы: отты өзен» көркем фильмінің көрсетілімі болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
Шара басталмас бұрын германиялық Бундестагтың 18-інші шақырылымдағы депутаты Генрих Цертик пен Германиядағы ҚР елшісі Болат Нүсіпов сөз сөйледі.
Өз сөзінде неміс саясаткері Президентіміздің тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы тарихи үлесі мен елдегі ұлтаралық келісімдерді қамтамасыз етудегі, ҚР-дың халықаралық аренадағы беделінің артуы жолындағы еңбегін ерекше атап өтті.
«Кеңес Одағы тарағаннан кейінгі Қазақстанның ең басты артықшылығы халықтар бірлігі мен келісіміне қол жеткізе алған мықты Көшбасшысы болды», - деді 28 жыл бұрын Қазақстаннан Германияға келіп, кейіннен неміс парламентінің КСРО-да туған жалғыз мүшесі атанған Генрих Цертик.
Айта кетейік, аталған шара Қазақстаннан қоныс аударған немістердің ұйымдарымен бірлесе ұйымдастырылды.