Қалалық білім бөлімі басшысының бұрынғы орынбасарының ісі бойынша сот үкімі шықты
Семей қаласының қылмыстық соты білім бөлімі басшысының бұрынғы орынбасары Сара ЕЛЕУСИЗОВАҒА үкім оқыды, деп жазады «ҚазАқпарат».
«Семей қаласы білім бөлімі» ММ басшысының орынбасары лауазымында отырып, ол бірнеше ақшалай немесе тауарлар түрінде (ет, көмір, т.б.) пара алған, тіпті талап еткен. Қылмыстық іс бірінші инстанция сотында ҚР ҚК 366-бабы, 3-бөлігі, 4-тармағына сәйкес қаралды. Елеусізоваға 9 миллион 625 мың теңге айыппұл, қылмыстық жолмен табылған мүлкін тәркілеу, өмір бойы мемлекеттік қызметте және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында лауазым иелену құқығынан айыру жазасы берілді.
Сот сотталушыны айыппұлды үкім заңды күшіне енгеннен кейін бір ай мерзім ішінде төлеуге міндеттеді. Айыппұл төленбеген жағдайда бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылады.
Оның 18 қыркүйек күні «№ 4 Балдәурен ясли-бақшасының» есепшісінен 10 мың теңге пара алғаны анықталды. 20 қазанда 5 кг сиыр еті түрінде пара алған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің қызметкерлері 31 қазанда білім бөлімі басшысының бұрынғы орынбасарын нақтылай ақшамен ұстады. Ол сол күні «Ыбыраев атындағы ЖББОМ» КММ бас есепшісінен 120 мың теңге пара алған болатын.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Фото: from-ua.com