Қазақ үкіметінің ресми өкілі Францияда 65 млн еуроға пәтер сатып алған
Қауіпсіздігі аса жоғары деңгейдегі жасалған үй 2017 жылы Парижде сатылған ең қымбат баспана, деп жазады sn.kz Mansion Global басылымына сілтеме жасап.
Зәулім үй Монтень даңғылында орналасқан. Жергілікті тұрғындар бұл ауданды Париждің "алтын үшбұрышы" деп те атайды. Бұл үйден Елисей алаңына дейін жаяу бірнеше минутта жетуге болады.
Сату келісімшартын бельгиялық танымал риелтор Игнас МЮВИССЕН жасапты. Ол - ресейлік және посткеңестік елдердің бай-бағландарына Еуропадан баспана тауып берумен аты шыққан маман. Дегенмен, Мювиссен пәтерді сатып алған қазақтың аты-жөнін айтудан бас тартып отыр. Тек ҚР Үкіметінің ресми өкілі деп қысқа қайырыпты. Ал, пәтерді сатқан адам да бөтен емес, ол көрші Ресейдің танымал кәсіпкері.
"Сатушы - ресейлік инвестициялық компанияның басшысы, ол аталған көпқабатты зәулім үйден бірнеше пәтер сатып алып қойған. Бұл үйдің терезесінен тарихи Plaza Athénée қонақ үйі көрінеді. Инвестор пәтерлерін осыдан 3 ай бұрын 75 млн еуродан сата бастады", - дейді Мювиссен.
Қазақ шенеунігі сатып алған пәтердің жалпы аумағы 1200 шаршы метр. Онда 5 жатын бөлме, 5 жуыну бөлмесі, спа, қонақтарға арналған арнайы бөлме бар. Үйдің терезелері оқ өтпейтін шыныдан жасалған, күзетшілер үшін арнайы бөлме де қарастырылыпты.
Фото: parisgid.ru