Қазақстан тұрғындарының 40-тан аса пайызы ауқымды өзгеріс күтеді
Қазақстан халқының 40,4 пайызы "ауқымды өзгерістерді" қалайды". "Нұр Отан" партиясы Саяси талдау және стратегиялық зерттеулер орталығы жүргізген блиц-сауалнама нәтижесі осыны көрсетіп отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Сауалнамаға қатысқандардың 40,4 %-ы елде "ауқымды өзгерістер" қажет деген пікірде, 37,2%-ы болмашы өзгерістер болғанын құптаған. Ешқандай өзгеріс керек емес, бәрі сол күйінде қалсын дегендер де болды. Олар 8,9%-ды құрады", — деді орталық директоры Юлия КУЧИНСКАЯ.
Оның айтуынша, әдетте жастар жағы басым өңірлер өзгерістерді көбірек қолдайды.
"Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы мен Қарағанды облыстарында жастардың үлесі басым. Сәйкесінше елде өзгеріс болғанын қалайтын тұрғындар саны бұл аймақтарда жоғары. Осы кезде айта кетсем, зерттеу барысында бір қызық факті анықталды: халықтың табысы неғұрлым жоғары болған сайын, өзгерісті қажет ететіндер соғұрлым аз болған. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінде республикада ең төменгі табыс деңгейі Жамбыл облысында тіркеліп отыр. Зерттеу нәтижесі бойынша өзгерістерді қолдайтын өңірлер арасында тиісінше Жамбыл облысы көш бастап тұр", — деді Кучинская.
Әлеуметтанушы қазақстандықтар саяси емес, экономикалық өзгерістер болғанын қалайтынын атап өтті.
"Зерттеу кезінде біз қазақстандықтардың қаншалықты өзгерістерге дайын екенін, жалпы өзгеріс қажет пе, осы мәселелерді назарға алдық. "Ауқымды өзгерістер" дегенде саяси өзгерістер туралы сөз болып отырған жоқ. Біздің ойымызша, қазақстандықтар табыстың өсуіне септігін тигізетін экономикалық өзгерістерді меңзеп отыр", — деді ол.
Фото: uralskweek.kz