Елімізден дәрігерлер, экономистер мен мұғалімдердің кету қарқыны соңғы төрт жылда 34-88 пайызға артқан
Осы мәселеге қатысты арнайы зерттеу жүргізген Finprom.kz сайтының сарапшылары елімізден соңғы 9 айда 28,2 мың адамның кетіп қалғанын айтады.
Елімізден кеткен кәсіби, білікті мамандар қатарында техника саласының мамандары мен экономист, мұғалімдер көптеп кездеседі. Атап айтар болсақ, 4,8 мың техника саласының маманы, 2,7 мың экономист, 1,7 мың педагогтар тұрғылықты мекенжайын басқа елге ауыстырған. Кеткендердің арасында мұғалімдер мен дәрігерлер ТМД елдеріне қоныстанса, ал "технарлардың" басым бөлігі АҚШ-қа қарай ойысқан.
Ал Қазақстанға білім алуға немесе жұмыс істеуге соңғы 9 айда 11,9 мың адам келіпті. Келгендердің сандық көрсеткіші төмендегідей: 990 техник мамандар, 627 экономист және 537 мұғалім. Соңғы төрт жылда Қазақстаннан кеткісі келетін мұғалімдердің саны 55,2 пайызға артса, ал керісінше, келушілердің саны 26,3 пайыз ғана.
Сонымен қатар шекара асқан дәрігерлердің де саны 2013 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 31,6 пайызға артқан. Ал Қазақстанға келген медицина саласының мамандары 2013 жылмен салыстырғанда 36,3 пайызға төмендеген.
Білікті және сұранысқа ие мамандардың Қазақстаннан кетуі парламент қабырғасында да талқыланған болатын. Тіпті «Ақ Жол» партиясының депутаттары Білім және ғылым министрлігіне ресми сауал жасап, мамандардың білімін жетілдіретін оқуларды өзімізде ақысыз және қолжетімді етуді сұраған еді.
Өкінішке қарай, өзекті проблема саналатын бұл мәселенің күні бүгінге дейін түбегейлі шешімі табылмай тұр.