Кешенде жұмыс істейтін шетелдіктер қазақстандықтарға қарағанда аз алады екен
Астанадағы аты-шулы «Абу-Даби Плаза» кешенінде жұмыс істейтін шетел азаматтары қазақстандықтарға қарағанда аз алады, деп жазады Elorda Aqpatat порталы.
Жұмысшылардың жалақысы туралы «Городская среда» радиобағдарламасы кезінде Астана қаласы жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ермек ОСПАНОВ сөз қозғады.
«Кешендегі жанжалдан кейін жұмысшылардың қандай жағдайда тұрып, жұмыс істеп жатқанын арнайы комиссия зерттеген. Жұмысшылардың жалақысы жалпы нарықтағыға қарағанда аз. Шетелдік жұмысшылардың жалақысы орташа есеппен келісімшарт бойынша 300 доллар (шамамен 100 мың теңге), жергілікті азаматтардың айлығы 120 мың теңгеден басталады», — деді Оспанов эфир барысында.
Ол кешен құрылысына 120 субмердігерлік компания тартылғанын, онда тек Қазақстан азаматтары жұмыс істейтінін айтты. «Субмердігерлікте жалақы орындалған көлемге байланысты төленеді, айлық атқарған жұмысыңа қарай өзгеріп тұрады. Сондықтан көптеген маман бұдан да көп ақша табады».
Сондай-ақ, Оспанов жатақханадағы жанжал күзет қызметкері мен Үндістаннан келген жұмысшы арасындағы түсініспеушіліктен шыққанын атап өтті.
Еске сала кетейік, 2 қыркүйек күні кешке "Абу-Даби Плаза" құрылыс кешенінде күзет қызмерткерлері мен Үндістаннан келген жұмысшылардың арасында қақтығыс орын алды. Төбелес салдарынан бірнеше адам зардап шегіп, ауруханаға жатқызылды. Төбелес туралы ақпарат тарағаннан кейін кешенге адамдар жинала бастады. Полиция көшелерді жауып, арнайы жасақ шақыртуға мәжбүр болған. Қақтығыстан кейін Үндістанның 61 азаматы қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін Қазақстаннан шығарылды.
Фото: Tengrinews.kz