Шығыс Қазақстан облысында дәрігерлер ішімдікке үйір жеткіншекті есепке қойып, жағаларын ұстап отыр. Әлі мектепке бармаған, әріп танымайтын бүлдіршін ата-анасының отырыстарынан кейін стақанның түбінде қалған ащы суды ішіп, мас болып жатады екен. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды “Еуразия” бірінші арнасына сілтеп. Шығыстағы ең кішкентай маскүнем атанған бүлдіршіннің наркодиспансердегі емдеу бағдарламасы да бөлек. Дәрігерлер алты жасар баланы әдбен айықтырып болған соң, бірнеше аптадан бері психологиялық көмек көрсеткен. Кішкентай маскүнемді ең алдымен жедел жәрдем қызметкерлері көрген. Үнемі ата-анасының ырду-дырду отырыстарынан кейін қараусыз қалған бала үстелдегі қалдық арақты ішіп алады екен. Соңғы рет қатты мас болып, оянбай қалған сәби ауруханаға түсіпті.
Шығыс Қазақстандағы мамандар мұндай маскүнемді бірінші рет емдеп отырған жоқ. Былтыр Риддерде жансақтау бөліміне түскен 7 жасар баланың қанынан да ішімдік ішкені анықталған. Артынша, бүлдіршіннің ата-анасының көзінше арақ ішіп, осындай күйге түскені мәлім болды. Ал психологтар баланың көзінше ішімдік ішудің салдарын осыған әкеледі деп топшылайды.