Павлодарда көпқабатты тұрғын үйдің ауласындағы қоқыс контейнерінің қасынан табылған баланың жағдайы тұрақты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz. Бұл туралы агенттікке облыстық мамандандырылған Балалар үйінің басшысы Сандуғаш Смағұлова айтқан.
«Ұл бала біздің мекемеге қанағаттанарлық жағдайда түсті, - дейді ол. - Қазіргі таңда ширап, күлімсірей бастады. 70 миллилитр сүт қоспасын күн сайын әрбір үш сағатта толық тауысады. Жүрегі мен басына ультра дабыстық зерттеу жүргізіледі. Салмағы - 3416 грамм, бойы - 52 см. Осы уақытқа дейін болған облыстық перинаталдық орталықта оған Дамир деген есім берген, тегін Дүйсенбек деп жазған. Себебі дүйсенбі күні табылғанына байланысты осылай атауды жөн көрген».
Сандуғаш Смағұлованың айтуынша, бұл мемлекеттік мекемеде бір жасқа дейінгі 28 сәби бар. Оның 19-ы - ата-аналарының өтініші бойынша уақытша орналастырылған болса, қалғандары - ата-анасы бас тартқандар.
«Баланың туу туралы куәлігін ішкі істер департаментінің актісіз рәсімдеуге құқымыз жоқ», - дейді Балалар үйінің басшысы.
- Туған-туыстары табылады деген үміттеміз. Бәлкім, сол кезде аты-жөні басқаша ауыстырылады. Бала үйінде Дамир Дүйсенбек төрт жасқа дейін бола алады.
Еске сала кетейік, 29 қаңтар күні жаңа туған нәрестені Шөкин-Гагарин көшелерінің қиылысында өтіп бара жатқан Назира Омарова кездейсоқ тауып алған. Жедел жәрдем суық өту белгілерімен сәбиді облыстық перинаталдық орталыққа жеткізген.