Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қырғыз тарапының өтініші бойынша Сооронбай Жээнбековпен кездесу өткізді, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметінен.
«Екі ел арасындағы туысқандық әрі бауырластық қарым-қатынасты орнына келтіру қажет. Бұл жерде екі халықтың мүддесі тұр», – деді Нұрсұлтан Назарбаев бейсенбіде Минскідегі ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік кеңесі саммиті алаңында.
Қазақстан Президенті жуық арада екі ел үкіметтерінің жұмыс топтары Жол картасы бойынша жұмыс жүргізіп, оған қол қоятынын айтты. Содан соң, қырғыз тарапының өтініші бойынша Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы қазіргі мәселелер шешілетін болады.
«Шекараға Қазақстан және Қырғызстан тараптары, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ өкілдері бірлесе бақылау орнататын болады. Мұндай тәртіпті Қырғызстан-Қытай шекарасында да белгілеген жөн», - деді Қазақстан президенті.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстан Президентін Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. Сооранбай Жээнбеков Нұрсұлтан Назарбаевқа құттықтағаны және Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырғаны үшін алғыс айтты.
«Біз елдеріміздің өзара іс-қимыл мәселелерін талқылап, бірқатар ұстаным бойынша ортақ пікірге келдік. Қазіргі проблемаларға қарамастан, мен жеке жауапкершілігіме ала отырып, шекарамыздағы ахуалды реттеуді сұрадым», - деді С. Жээнбеков.
Кездесу соңында мемлекет басшысы елдеріміздің қарым-қатынасы тату көршілік сипатта екенін атап өтіп, туындаған барлық мәселені сындарлы жолмен шешуге ниетті екенін білдірді.