Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан вице-премьері Асқар Жұмағалиевпен кездесуде цифрландыруға бөлінген қаражатты тиімді пайдалануды тапсырды, деп хабарлайды ҚР Президентінің баспасөз қызметі.
Ақорданың ресми сайтында жарияланған хабарда айтылғандай, мемлекет басшысы Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиевті қабылдады
Кездесуде Мемлекет басшысына «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы және бұған дейін берілген тапсырмаларды орындау үшін атқарылған шаралар жөнінде баяндалды.
– Цифрландырудың арқасында Қазақстан экономикасы 30 пайызға өсуі керек, ол ақшаға шаққанда 2 триллион теңгеден асады, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда жинақталған тәжірибе мен құзыреттілікті сақтау үшін цифрландыру саласындағы мемлекеттік тапсырыстарды жүзеге асыру мәселелерін саралауға отандық бизнестің қатысуы қажет екенін атап өтті.
– Цифрландыру бағдарламасы бекітілді. Мемлекет оған аз ақша бөліп отырған жоқ, сондықтан олардың тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету керек, – деді Мемлекет басшысы.
Асқар Жұмағалиев Қазақстан Президентіне «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының орындалуынан күтілетін нәтижелер жөнінде мәлімдеді.
– Цифрландыруды енгізудің арқасында өндіруші өнеркәсіпте өнімнің өзіндік құны төмендеп, өндіріс көлемі ұлғаяды. Сондай-ақ, электронды коммерция саласында 200 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп отырмыз. Біздің есебіміз бойынша, тек кеден және салық қызметтерін цифрландыру нәтижесінде мемлекет қазынасына 100 миллиард теңгеден астам қаржы түседі, – деді Премьер-Министрдің орынбасары.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі» атты халықаралық форумды өткізуге дайындық жөніндегі есепті тыңдап, бірқатар нақты тапсырма берді.