Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Америка Құрама Штаттарына ресми сапарының қорытындысы бойынша баспасөз мәслихатында Дональд Трамппен өткен кездесу жайлы толығырақ айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Барлығы да, біз де өзіміз кездескен кезде бір-бірімізге құрмет көрсетеміз. Мені Ақ үйге шақырғандары үшін алғыс білдірдім. Ол маған келгенім үшін алғыс айтты. Ақ үйдің ішіне кірген соң ол мені барлық делегациямен таныстырды. Содан біз жеке әңгімелесу үшін бір кабинетке кірдік. Бірақ мен мұндайды ешқашан көрмеппін. Қасымызда әрдайым адамдар болды. Бірақ кейін екеуіміз отырып әңгімелестік. Кейінірек демалатын бөлмеге бардық. Тағы да әңгімелестік. Сосын қоштасып, бір-бірімізге сәттілік пен денсаулық тіледік", - деді ҚР Президенті.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы АҚШ пен Ресей арасындағы қарым-қатынастың нашарлағанын айтып өтті. "Бүгінде АҚШ пен Ресейдің қарым-қатынасы нашар. Бұдан ешкімге де жақсы болмайды. Ресей біздің көрші, серіктес, одақтас. Ресеймен сауда жөнінде үлкен келісімшарттар жасалды. Дональд Трамппен осы жайлы да сөйлестік", - деді Назарбаев. Осы ретте Мемлекет басшысы АҚШ президентімен де Ресей Федерациясына қатысты санкциялар мәселелесін талқылағанын айтты.
"Біз осы жайлы сөйлестік. (...) Меніңше, бұл мәселе әлі шешіледі(...)", - деп сенім білдірді Қазақстан Президенті. Осыған дейін Назарбаевтың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі отырысында мәлімдеме жасағаны хабарланған болатын. "Мүмкіндікті пайдалана отырып, Президент Дуданы Польшаның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі қызметінің басталуымен құттықтаймын. (...) Жаһандық ұйымның осы маңызды органы аясында ынтымақтастық пен ықпалдастық танытып, бірлесе жемісті жұмыс істейміз деп үміттенемін", - деген еді Қазақстан Президенті.