Латын әліпбиінің соңғы ұсынылған нұсқасы дұрыс деп санаймын. Бұл жайында отандық БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін отандық телеарналардан көрсетіліп жатқан сұхбат барысында Қазақстан телеарнасы «Апта» сараптамалық бағдарламасының жүргізушісі Мұхтар Түменбаев Елбасыдан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысы жайында сұрады. «Ұлттық комиссия құрылды. Сол комиссияның жұмысына көңіліңіз тола ма? Жалпы, қарқыны қалай жүріп жатыр деп ойлайсыз?», - деп сұрады ол. Қазақстан Президенті бағдарламалық мақалада айтылған дүниелерді орындау үшін тиісті заңдар қабылданып, ұсыныстар да енгізілгендігін атап өтті. «Ең бірінші латын әліпбиіне көшеміз деген мәселені халық болып талқылап, барлық зиялы қауымның, тіл, тарих ғалымдарының пікірін тыңдап, барлық жағынан қарап, елдің ойын біліп, бір жүйеге келдік. Латын әліпбиінің ең соңғы нұсқасын маған алып келді. Мен оны бекіттім. Бірақ, түгел оны енгізу, сол әліпби арқылы жұмыс істеуге әлі уақыт бар. Сондықтан мұны да қатып қалды деп ойлауға болмайды. Мен білемін, кейбір мәселелерге қатысты үстіндегі «нүкте дұрыс па, бірнеше қаріптен жасау керек пе еді?» деп айтады», - деді Елбасы. Мемлекет басшысы сонымен қатар кейбіреулердің түркі тілдес ағайындардың әліпбимен жүру қажет еді, дегенді де айтатындығын еске салды. «Менің ойымша, қазіргі компьютердегі нұсқаға сай келуі керек. компьютердің (клавиатураларын) өзгертпеуге жағдай жасау қажет. Сол үшін жасадық. Сол үшін қазіргі нұсқа дұрыс деп санаймын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.