ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада неміс бизнесмендерін қабылдады, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметі.
«Кездесуге Германия экономикасы Шығыс комитетінің төрағасы Вольфганг Бюхеле, «Кнауф» компаниясының иесі Николас Кнауф және Германия Федеративтік Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшісі Рольф Мафаэль қатысты», - деп түсіндірді баспасөз қызметінен дүйсенбіде.
Атап өткендей, президент Астанаға іскерлік сапармен келген неміс бизнесмендеріне табыс тіледі.
«Астанаға қош келдіңіздер. Сіздердің делегацияларыңыз мықты құраммен келіпті. Сіздер Үкіметте кездесулер өткізіп, Қазақстанның бизнесмендерімен де жолығасыздар. Бұл кездесулердің жемісті болатынына сенімдімін», - деді Н. Назарбаев.
Қазақстан Президенті биылғы қазан айында Сочи қаласында Германия Федеративтік Республикасы іскер топтар өкілдерімен өткізген кездесуінің нәтижелі болғанын атап өтті.
«Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қазақстанда жұмыс істеп жатқан неміс компанияларының көп екенін айтып, екі елдің іскер топтары арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығына назар аударды», - делінген хабарламада.
Өз кезегінде, Германия экономикасы Шығыс комитетінің төрағасы Вольфганг Бюхеле кездесуге мүмкіндік туғызғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтып, Сочи қаласындағы келіссөздер барысында қол жеткізілген уағдаластықтарға тоқталды.
«Қазақстан мен Германия арасында қарқынды экономикалық қарым-қатынас орнады. Оның дамуы 2017 жылы оң нәтиже көрсетіп отыр. Бұл ретте, Германияға Қазақстаннан келетін импорттың көлемі артып келе жатқанын атап өткен жөн», – деді Германия экономикасы Шығыс комитетінің төрағасы.