Сотталушы тағылған айыпты мойындаған жоқ
Алматы ортасында гранатамен ұсталған жігіт сот алдындағы соңғы сөзін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі сот залынан.
«Мен бұл айыптауға келіспеймін. Бұлай боларын білмедім. Бұл менің өмірімде бірінші рет болып отыр», - деді сотталушы Дəурен Əлеуханов.
Мұның алдында мемлекеттік айыптаушы жігітті 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Айта кету керек, 2017 жылы 12 қаңтарда 23 жастағы Дəурен Əлеуханов пен оның танысы Марлен Шалабаев 2017 жылы қарашада арнайы операция барысында ұсталған болатын. Кейін Марлен Шалабаев кінәсі дәлелденбеген соң босатылған еді. Екеуі Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары болып шыққан. Ұсталғандардың көліктерін тексеру барысында жарық-дыбыстық автомат, пышақ, сондай-ақ, бронды кеудеше тәркіленген еді. Арнайы операция кезінде зақымдалған Toyota Land Cruiser 100 көлігі де ұсталғандардың біріне тиесілі екендігі анықталды.
Алдыңғы сот отырысында аға лейтенант Айдос Жансерікұлы операция қалай өткенін айтып берді. Белгілі болғандай, полиция көлікті тоқтату үшін 8 рет оқ атып ескерткен. Сотталушы өз кінәсін мойындамады. Алайда ол есірткіге мас болғанын, көлікті құжатсыз жүргізгенін мойнына алды.