Ақтөбеде мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасы, жетім балалар мен толық емес, көпбалалы отбасы мүшелері пәтерлі болды. Жалдамалы пәтерге тұрғындар ай сайын 4-5 мың теңге төлейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбеліктер бүгін қоныс тойын тойлады. Ұзақ жыл бойы пәтер кезегінде тұрғандар бұл баспананы алдағы уақытта сатып ала алады. Ал әзірге коммуналдық төлемдері мен пәтердің жалдау ақысын төлейді. Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Жандос Байырхановтың айтуынша, қазіргі уақытта қалада 20 мыңға жуық ақтөбелік кезекте тұр. Олар: аз қамтылған, толық емес, көпбалалы отбасы және мүгедек баласы бар жанұя. Бюджеттік мекеме қызметкерлері мен апатты үйдің азаматтары да кезек күтеді.
«Мен балаларға еріп, 2002 жылы Маңғыстаудан Ақтөбе қаласына қоныс аудардым. 2006 жылы кезекке тұрып, 12 жылдан соң пәтерге қол жеткізіп отырмын. Ешқайда барып, шағым айтпадым. Сабыр сақтап, күте білсең, бәрі болады. Өзім «Күміс алқа» иегерімін»,- деді Миуа Сүйінова.
Бір күнде Ақтөбенің «Нұр Ақтөбе» ықшамауданында 9 қабатты 6 үй пайдалануға берілді. Олардың бәрі кезекте тұрған адамдарға арналған. Барлығы 1374 пәтер адамдарға үлестірілді.