Маңғыстауда ірі көлемде есірткі тасымалдаған Иран азаматына қатысты үкім шықты
Ірі көлемде есірткі тасымалдаған Иран азаматына қатысты үкімді Маңғыстау облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының төрағасы Азат Ізбасаров шығарды, деп хабарлайды lada.kz.
Істің материалдары бойынша, Иран тұрғыны Қазақстан шекарасынан өтіп, Ақтау теңіз портына келген. Ол ірі көлемде есірткі, нақтырақ айтқанда гашиш тасымалдаған. Есірткі затының мөлшері 348,22 грамм. Шетелдік тауарды өзінің танысына - Қазақстан азаматына өткізбек болған.
Ол контрабандалық тауарды ҚР шекара бақылауынан жасырмақ болған. Сот үкімімен Иран азаматы кінәлі деп танылып, оған 16 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Есірткіні сатып алушы 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Азат Ізбасаровтың айтуынша, аталған іс бойынша қылмыстық процес Маңғыстау облыстық көлік прокуратурасымен бірге жүргізілді. Сот мәжілісінде «Ақтау теңіз порты» ЖШС-нің қызметкерлері қатысты.
Үкім жарияланған соң Азат Ізбасаров ілкі жоба аясында үкімге түсініктеме беріп, кәсіпорын өкілдерімен профилактикалық әңгіме жүргізді. Ол аса ауыр қылмыс жасауға негіз болып отырған жәйттер туралы айтты.