Алматыда шетелден тырысқақ жұқтырып келгендердің саны 10-ға жетті. Бұл туралы қалалық Қоғам денсаулығын қорғау департаментінің басшысы Айзат Молдақасымова айтты.
«Авиарейстер ашылған сәттен бастап тікелей Алматы қаласынан Үндістанға Нью - Дели мен Гоадан 17000-нан астам жолаушылар ұшып келді, соның ішінде 4322 адам -Үндістан азаматы. Соның ішінде 10 адам тырысқақ ауруын жұқтырып келгендігі белгілі болды. Олардың 10-ы Қазақстан азаматы болса, 2 адам - Үндістан азаматы. Науқас адамдардың ішінде бесеуінде аса қауіпті емес түрі тіркелсе, қалған бес адамда токсигенді түрі тіркелді», - деді А.Молдақасымова Алматыда өткен жиында.
Оның айтуынша, жыл басынан бері ауырып келген 5 адам да Үндістанның Гоа штатынан келген. «Қазақстандық туристер қыстың суығында Үндістанның жылы жеріне қызығып, туристік сапар шегіп жатыр. Үндістаннан да келетін саяхатшылардың саны көп. Бұл эпидемиялық жағдайды күрделендіруде», - деп толықтырды департамент басшысы.
Айта кету керек, бұған дейін Алматыда Үндістанға демалуға барған бір ер адам тырысқақ ауруын жұқтырып келгендігі туралы хабарлаған болатынбыз.