Қазақ сайттарына сұраныс төмендеп кетпесе болғаны
Орыс тілді сайттар қазақша нұсқасын қоса бастады. Болашақта барлығында қазақша нұсқа болады. Бизнесте тек клиент бар. Оның тілі, діні, түрі маңызды емес. Тек соған бейімделіп, қажеттісін ұсыну керек. Қазақ аудиториясы өсіп келеді. (Инстаграммда Қайрат, Төреғали, Ашалардың аккаунтында отырған 2 млн адамның бәрі қазақ тілді).
Мұны орыс тілді сайттар көріп, біліп отыр. Қосымша аудитория артық болмайды. Сондықтан соған бейімделе бастады. Мұны олар өте оңай жүзеге асырады. Екі-үш қазақ журналистін жалдап, қазақша нұсқасын қосып, қажетті контентті ұсынып, кірісе береді. Ал қазақ сайттарына қиын тиетін сияқты. Оқырманын өзінен күшті жоба тартып алып жатыр. Оған ілесу үшін штатын көбейту, контентін күшейту керек. Не орыс тілін қосып, солармен деңгейлес сайтқа айналуы керек. Оған қаржы керек. Қаржы көпшілігінде жоқ. Штатта үш адам.
Жаңалық тарататын қазақ сайттары тойдан сұраныс аз, концерті ақтамайтын, мемлекеттің қолдауын қажет ететін дәстүрлі музыка саласы сияқты болып қалмаса болды.
Дереккөз: Ербол Азанбектің Facebook-тегі парақшасынан алынды. Автордың рұқсатымен жарияланды.