Қазақстан біреудің ескі-құсқысын киіп алып, оны айналасына «жаңа» деп сендіргісі келетін бала сияқты
ШҚО-ға голливудтың бір топ танымал актерлерін бастап келген Кэри ТАГАВА Өскемендегі мешітке кіріп, алақан жайып, «дұға қылыпты».
Өңір басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ де қабылдауында болған. Мақсаттары, Алтай өңірі туралы 4-бөлімнен тұратын деректі фильм түсіріп, NAT-GEO мен BBC арнасы арқылы көрсету екен.
Бір қызығы, әлгі Қазақстан азаматтығын алуға ниет білдірген Кэри Тагава дейтін сабаз, екі жыл бұрын христиан шіркеуіне кіріп шоқынып тұрып, Ресейдің төлқұжатын алуды армандайтынын айтқан.
Актердің қай әрекетіне сенеміз?! Жапондық актердің діни көзқарасында шаруам жоқ. Тек, бұл ШҚО облысының бюждетіне түсірілетін тележобам «сәтті өтіп кетсін» деген, оның көзбояушылық әрекеті ғана.
Рас, олар 90-шы жылдары әлемге танылды, 2000-шы жылдардың басында біршама сәтті фильмдерге түсті. Бірақ, бүгінде тек қосалқы рөлдермен көңілін жұбатып жүрген жұлдыздар.
Кейде маған Қазақстан біреудің ескі-құсқы киімін киіп алып, оны айналасындағыларға «жаңа» деп сендіргісі келетін бала секілді көрінеді.
Голливудтық атақтылардың 4 сериялы деректі фильм үшін аз ақша алмайтыны белгілі. Сол қаражатты заманауи телеөнім түсіруге қабілетті, еуропа мен америкалық аудиторияға өтімді кейіпкерлерді тарта алатын шығармашылық топқа тапсырса болар еді.
Өткенде, нашарлау қызметі үшін Елбасынан сөз естіген Даниал көкем, Марк ДАКАСКОС, Кэри Тагава, Эрик РОБЕРТС, Бай ЛИННІҢ арқасында өзіне де шағын пиар жасап алды. Қойшы. Қайда барсаң да, Қорқыттың көрі...
Дереккөз: Серік НОЯНБАЙҰЛЫНЫҢ Facebook-тағы жеке парақшасынан алынды. Автордың рұқсатымен жарияланды.