«Жұлдызды» instagram жаңалықтары
@mira_tusupbaeva Баспасөз беттері мен әлеуметтік желіде ойларын ашық айтатын белгілі әнші Меруерт ТҮСІПБАЕВА біреуге жақса, біреудің қытығына тиетіні бар. Бұған дейін өнердегі әріптестерінің кем-кетігін айтқаны үшін заңға тартылып, бармағын тістеп қалған кездері де болған.
Бұл жолы ол инстаграмдағы парақшасына қапылыста қаза болған белгілі саясаткер Заманбек Нұрқаділовтың пікірін бөлісті.
Марқұмның суреті қойылған парақшада «Мен үш нәрседен қорқамын: әуелі Құдайдан, екінші-халықтың қарғысынан, үшінші-анамның қаһарынан. Басқа қорқарым жоқ. Дегенмен де қазақтың «Еңкейгенге еңкей», ол әкеңнің құлы емес, шалқайғанға шалқай, ол Құдайдың ұлы емес» деген сөзін ұмытпаған жөн» деген жазба бар.
Осыны бөліскен Меруерт: «Ойланыңыздар...» деп оқырмандарға тереңнен ой салыпты.
Мұны оқыған тыңдармандар Меруертті намысты қазақ қызына теңесе, енді біреулері саяси тұлғаның мезгілсіз қазасына өкінішін жеткізген. «Мақпал апай екеуінің махабаттары қандай еді!» -десе, енді бір оқырман «Осындай адам туар ма екен, дәл қазір қазаққа керек болып тұр» - деп, шер тарқатқан.
@saken_maigaziyev МұзАРТ тобының белді әншісі Сәкен МАЙҒАЗИЕВ халықаралық әйелдер мерекесіне орай жеке концертін бермек. Әншінің концертіне жұртты шақыруы да өзге әріптестерінен ерекше көрінді.
Парақшасына қызықты видеоролик жүктеген ол: « Ассалаумағалейкум, ардақтыларым! Алланың қалауымен, Алматы қалалық әкімдігінің қолдауымен өткелі жатқан 7 наурыздағы концертіме билеттердің толық сатылып кетуіне байланысты 21:30-да қосымша концертімнің өтетінін хабарлаймын. Баршаңызды құшақтадым» -деп жазды.
Мұны көрген Сәкеннің тыңдармандары көрермен шақыру ролигінің сәтті шыққанын айтса, астаналықтар Есілдің төрінде концерт беруін өтініпті.
@moldir.auelbekova Әнші Мөлдір ӘУЕЛБЕКОВАНЫҢ жеке шығармашылықпен айналысып жүргеніне біраз уақыт болды. Ол кейінгі кездері тыңдарман жүрегінен орын алған әндерді қайта жаңғыртып жүр.
Мәселен, осыдан біраз бұрын Мейрамбек БЕСПАЕВ пен Сандуғаш СТАМҒАЗИЕВАНЫҢ орындауындағы композитор Алтынбек ҚОРАЗБАЕВТЫҢ «Сен болмасаң» әнін әнші Төреғали ТӨРЕӘЛІМЕН бірге орындап, арнайы бейнебаян түсірген болатын.
Мөлдірдің келесі таңдауы марқұм Мәдина ЕРАЛИЕВАНЫҢ орындауындағы Мұқағали МАҚАТАЕВТЫҢ сөзіне жазылған «Есіңе мені алғайсың» әніне түсті.
Жеке парақшасына аталмыш әннің үзіндісін салған ол тыңдармандар аталмыш әнді @AGUGAI сайтынан жүктей алатындығын жазған. Мөлдірдің мұнысын көріп қуанғандар аз болмады. Бір і- қазақтың Ақ баяны Мәдина Ералиеваны сағынып көзіне жас алғанын жазса, енді біреулері - марқұм апасының үнін жаңғыртқан Мөлдірдің шығармашылығына табыс тіледі.
@serik_abasshakh_oficialpage ҚР еңбек сіңірген қайраткері, белгілі актер Бекжан ТҰРЫСТЫҢ жуырда туған күні өтті. Белгілі актердің жеке меншік мерекесін атап өткендігінен хабарымыз жоқ. Алайда, өнер мен шығармашылық сахнасындағы әріптестері оны желіде жарыса құттықтаумен болды.
Соның ішінде белгілі журналист, сатиралық туындылардың серкесі Серік Абас-Шахтың құттықтауы сәтті шықты. «... Оның аты-жөні Бекжан ТҰРЫС.
Неге Тұрыс?
Өйткені тұрысы жақсы.
Ол тұрғанды, тұрғызғанды, тұрғандарды жақсы көреді. Оған тағы елу жыл жатпай тұра тұр деп тілеймін. Туған күн құтты болсын, бауырым!» - деп, келтірген екен Серік мырза ұзын-сонар тілегінің соңында.
Фото: tengrinews.kz, Instagram.com.