Қызылордада заңсыз мұнай сатқандарға «қамқоршы» болған бұрыңғы көлік прокуроры рақымшылыққа ілініп кетті
Бүгін Қызылорда қалалық көлік прокуроры болған Нұрлан СЕРІКБАЕВҚА қатысты сот үкімі шықты. Экс-прокурор осы жылдың 16 сәуір күні ҰҚК мен ІІМ бірлесіп Қызылорда облысы аумағында мұнай және мұнай өнімдерін заңсыз сату, сақтау, тасымалдауға қатысы бар бірнеше қылмыстық топты ұстау операциясы кезінде тұтқындалған еді.
Сотта Нұрлан Серікбаевтың қылмысы толық дәлелденді. Ол өз лауазымын пайдаланып, кәсіпкерге «заңсыз сыйақыға» жалған құжаттар арқылы мұнайды қалдық ретінде кеден бекетінен Қырғызстанға өткізіп берген. Яғни заңсыз мұнай сатқандарға қолқабыс еткен.
Сотта сөз алған күдікті қысқа қайырды.
«Мен өз кінәмді толық мойындап, тек соттың әділ өтуін сұраймын», - деді бұрыңғы прокурор.
Қызылорда қалалық сотының судьясы Абдуллажан САЙДУЛЛАЕВ ҚР қылмыстық кодексінің 361-бабының 2-бөлігі бойынша үкім шығарды.
«Оның қылмыстық жолмен табылған мүлкі тәркіленеді. Мемлекеттік қызметте, құқық қорғау органдарында қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына, әділет кеңесшісі шенінен айыра отырып, 2 жылға бас бостандығынан айрылады», - деді судья.
Алайда Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай 2016 жылы 13 желтоқсанда қабылданған рақымшылық жасау заңының 3-бабына сәйкес, оның жазасы жеңілдеді. Бұрыңғы прокурордың бас бостандығы шектеліп, сот залынан босап шықты.
Айта кететін жәйт, осыдан 1,5 ай бұрын дәл осы іс бойынша Қызылорда қаласы қылмыс әлемінде "Әппақ Сәбит" атымен белгілі қылмыстық авторитет 4 жылға сотталып кеткен болатын.